Түркістан облысының прокуролары 80 ерекше баланың құқығы өрескел бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кентауда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жалғыз "Арнайы кәсіптік колледж" орын тепкен. Прокуратура тексерісі нәтижесінде колледж басшылығы ұзақ уақыт бойы заңнама талаптарын бұзып, ерекше студенттерді мемлекеттік қызметтермен толық қамтамасыз етпегені анықталды.
"Сапасыз білім беру, оқытушылар құрамының біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі, санитарлық және өртке қарсы нормалардың сақталмағаны белгілі болды. Мекемеде мерзімі өткен азық-түліктер мен медициналық препараттар қолданылған", - делінген хабарламада.
Медициналық қарсы көрсетілімдері мен шектеулері бар талапкерлерді оқуға заңсыз қабылдау фактілерін біле тұра, Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары тиісті шара қабылдамаған.
Тексеру нәтижесімен заң бұзушылықтарды жою және бала құқықтарын қорғау мақсатында облыс прокуратурасы 5 прокурорлық ден қою актісін облыс әкімдігіне және мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттеріне енгізді.