«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы биік дәрежеде аталып өтті

Dalanews 17 мау. 2024 10:18 2472

Биыл «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 100 жыл толып отыр. Мерейтойға орай Түркістан қаласында қазақ күресінен турнир өтті. Ұлттық спорт бәсекесінің салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директор-Бас редакторы Абай Балажан және зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің қоғам үшін орны ерекше! Бұл тек ұжымның ғана емес, облыстың, қазақ баспасөзінің тойы деп ойлаймын. Өйткені өңіріміздің бір ғасырлық өмір тарихы осы газеттің әрбір бетінде сақталып тұр. Бұл басылымда бір кезеңдері ұлт қайраткерлері, мемлекет және қоғам деңгейіндегі тұлғалар қызмет атқарды. «Қазақ күресінің» Түркістан төрінде өтуі заңдылық.
Аталған сайыстың осыдан 15 жылдай бұрын ауданда өткізу дәстүрі басталған болатын. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы осы шығармашыл қауымды тікелей қолдап, әрдайым қадағалап, тілеулес болып отырады. Басылымның мерейтойын осы жылы күзде Түркістанда тойлауды жоспарлап отырмыз, – деген облыс әкімінің орынбасары балуандарға сәттілік тіледі.


«Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директоры-бас редакторы Абай Бекназарұлы бұл сайыстың қазақ күресін халықаралық деңгейде танытып, жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу бағытында ұйымдастырылғанын атап өтті. 61 жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан жарыстың маңыздылығы мен мақсатына тоқталды.
«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен бозкілемдегі палуандар бәсекесінде өңіріміздегі аудан, қалалардан келген жалпы саны 120-ға жуық спортшы қатысты. Түйе балуан бәсекесінде 18 балуан бақ сынасты. Кіл мықтылар бәсекесінде түркістандық Дидар Хамза турнирдің биылғы «түйе балуаны» атанды. Оған «Chevrolet Nexia» автокөлігінің кілті тапсырылды. Жалпы айтулы дүбірлі доданы ақсақалдар, спорт ардагерлері, тұрғындар мен қала қонақтары тамашалап, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Айта кетсек, дәстүрлі турнирдің мақсаты – ұлттық спорттың түрі қазақ күресін дамыту және облыстық жаттықтырушылары арасында тәжірибе алмасу, халық арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау, балуандардың спорттық шеберлігін шыңдау. Сондай-ақ жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу, бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру. Алдағы өтетін ірі жарыстарға облыс құрамасын іріктеу.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар