Оңтүстік өңірдегі электр дефициті мен Балқаштағы АЭС

Dalanews 12 жел. 2022 09:09 1041

Соңғы жылдары елімізде энергия тапшылығы айқын сезіліп отыр. Мамандар алдағы уақытта мұның зардабы еселенеді деген пікірде. Әсіресе, бұл мәселе 2030 жылға таман күрделене түспек. Тығырықтан баламалы қуат көздері де шығара алмайды.


Бізде күннен және желден тоқ өндіруге қауқарлы 70-тен астам станция бар. Алайда, энергия көзінің 1, 5 пайызы ғана жаңартылған баламалы қуат көзіне тиесілі. Айталық, елімізде жел энергетикасының әлеуеті 920 миллиард киловатт сағатты құраса, судың техникалық жарамды әлеуеті 62 миллиард киловатт сағатқа жетеғабыл. Ал күн арқылы алынатын қуат көзіне келсек, мұны дамыту бойынша барлық мүмкіндікке ие оңтүстік өңірлерде жылына 2,5 мың, 3 мың сағат қана өндіріледі. Есесіне, электр көзін тұтыну мөлшері күрт артты. Демек, бұл түйткілді шешпейді.

Не істемек керек? Әсіресе, еліміздің оңтүстік және солтүстік өңір халқы энергия тапшылығына тап болды. Тіпті, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Түркістан облыстарында тұрмыстық және әлеуметтік нысандарға энергия тұтынуға шектеу қою деректері тіркелген. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бір жылда солтүстік аймақта электр энергия тұтыну мөлшері 8 пайызға, оңтүстікте 12 пайызға көбейген. Мамандар мұның шешімі – баламалы қуат көздерін дамытудан бөлек, атом электр станциясын салуды жеделдету екенін нақ айтады. Басты себеп – энергия көзінің 70 пайызын көмірден алатынымызды ескерсек, кеңестік кезеңнен келе жатқан бұл станциялардың тозығы жеткен.

«Қазақстанның энергетикалық аспектілері» зерттеу орталығының директоры Алмаз Әбілдаевтың пікірінше, елімізде үшінші, төртінші буындағы АЭС салынуы керек.

«АЭС-тің жұмыс істеу өтілі 80 жыл деп есептеледі. 20-25 жыл қарыздардан құтылсақ, қалған 50 жыл өзімізге жұмыс істейді. Тіпті, екі энергоблок қана емес, энергия тапшылығы басым өңірлерге де салынуы қажет. Уран экспорттау жағынан алдыңғы қатарда бола тұрып, өзінің АЭС-ін салмау логикаға қайшы. Экономикаға серпін беріп, кәсіпорындардың тамырына қан жүгіртеміз десек, энергия қажет», – деген бізге берген пікірінде.


 

Атом энергетикасын дамытудың барлық алғышарты бар


Мамандар энергия көзіне деген тапшылықты жою үшін атом электр станциясын салуға үрке қарамау керек дейді. Халықаралық зерттеуші, PhD докторы Амалбек Өміртайдың айтуынша, атомдық энергетиканың негізгі отыны уранды адамзат элемент ретінде танығанына да 3 ғасырдан астам уақыт болды.

«Атомдық энергетиканы ядролық қару ретінде сүңгуір қайықтардың моторы ретінде пайдаланғалы бері де 70 жылдай болды. Ал адамзаттың электр энергиясының көзі ретінде игілікке жаратқанымызға да сонша уақыт өтті. Жер бетіндегі энергия көздерінің 20 пайызға жуығы атом энергетикасына тиесілі. Яғни, жер шарында толығымен пайдаланып жатқан электр энергияны атом энергетикасы беріп отыр. Оның ішінде ең көп пайдаланатын мемлекет – АҚШ. Ал олардағы АЭС-тың барлығы 80-жылдары салынған. КСРО кезінде бізде 1400-ден астам ядролық ракета болды. Олардан бас тарттық. Семейдегі жарылыс та жұрттың есінде. Сондықтан бізде атом энергиясына үрке қарау заңды әрі қалыпты. Бірақ әлем елдері АЭС-тің игілігін көріп отыр», – деді халықаралық зерттеуші Амалбек Өміртай.


Сондай-ақ, ол: «Уран қоры бойынша әлемде екінші орынға ие Қазақстан уранды ядролық отын ретінде келесі циклдарға өту үшін дамыта алады. Ядролық қалдықтарды сақтайтын орын да жоқ емес. Атом энергетикасын дамытудың барлық алғышарты бар болғандықтан, мемлекетіміз де, халқымыз да оның игілігін көруге толық хақы бар» деген пікірін ортаға салды.

 

Алдағы он жылда туындайтын энергия қуаты тапшылығын қалай шешеміз?


Бүгінде бұл сұраққа жауап іздеген маман айналып келгенде АЭС салудың қажеттігіне тоқталады. Елімізде 2035 жылға дейін Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылында құрылыс жұмысы тәмамдалуы тиіс екі реакторлы АЭС энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете ала ма? Бұл сауалға халықаралық сарапшы Амалбек Өміртай тосылған жоқ.

«Әлемнің жиырмадан астам елінде болдым. Сол елдердегі АЭС-тардың тәжірибесін зерделеп жүремін. Еліміздегі ірі өндіріс орындарын, жылу орталықтарын аралап, бірнеше уран кенішінде болдым. Өзгермелі әлемде энергетикалық қауіпсіздікті азық-түлік қауіпсіздігімен қатар қоюға болады. Энергияны алу көздерін тиімді стратегиялау, комбинациялау атомдық энергетикамен тығыз байланысты. Біз қазір саяси және энергетикалық тәуелсіздік бір ұғымға айналған әлемде өмір сүріп жатырмыз», – дейді сарапшы.


 

Экономиканы тиісті энергетикамен қамтамасыз ету қажет


Иә, Қазақстан дамушы елдердің қатарында. Бірақ алдымызға қойған мақсат таудай. Дамыған елдер санатына кіру үшін экономикалық өсім де жоғары болу керек. Ол үшін әуелі энергетикалық қауіпсіздік қажет. Мысалы, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанды алғанда, Қырғызстан мен Тәжікстан судың жоғарғы жағында отырып, елдерін су электр станциясымен қамтамасыз етеді. Өзбекстанда жартысы суға, жартысы газ электр станциясына тәуелді. Бірақ олар газды пайдаланғаннан гөрі сатып пайда тауып отыр. Сондықтан АЭС салуды қолға алып отыр. Ал Қазақстанда энергияның 85 пайызға жуығы көмірге, қалған азғантай пайызы – баламалы қуат көздеріне тиесілі.

Бұл тұрғыда сарапшы Амалбек Өміртай: «Мәселе, оңтүстік өңір халқының көптігінде емес. Кейбір өндіріс орындары ірі қалалармен тең дәрежеде энергия көзін тұтынады. Экономика дамуы үшін тиісті энергетикамен қамтамасыз ету қажет. Жаңа өндіріс ошақтары, жаңа инвестициялық жобалар қосымша энергияны талап етеді. АЭС салудағы басты мақсат – энергия көзін әртараптандырып, ескірген жылу электр станцияларының көлемін азайту керек», – деп түйіндеді.


Ал бүгінде Ядролық физика, Электроэнергетика, Жылуэнергетикасы, Энергетикағы менеджмент мамандығы бойынша 50-ге жуық маман дайындап жатқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техника факультетінің деканы Нұрзада Бейсеннің пікірінше, елімізде атом электр станциясын салу 1997 жылдан бері талқыға салынып келеді.

«Бұл жауапты әрі байсалды шешімді қажет етеді. Қазірдің өзінде қарсылық танытушылар да, қолдаушылар да көп. Алайда, ел экономикасы үшін АЭС құрылысын бастау керектігі шешіліп отыр. Болашақта Қазақстан энергетика саласында жаңа технологияны пайдаланып, әр салада жетістікке жетуі мүмкін. Тіпті, өндірілген энергия көзінің бағасы тұрақталып, өнеркәсіп және қарапайым тұрғындар үшін коммуналдық төлемақы арзандауы ықтимал. Ең бастысы, энергия тапшылығына бой алдырып отырған еліміздің оңтүстік және солтүстік өңірінде тепе-теңдік сақталады. АЭС газ, мұнай қалдықтары сияқты қоршаған ортаны ластамайды», – дейді Физика-техника факультеті деканы Нұрзада Әбдібекқызы.


Демек, баламалы энергия көздерінің мүмкіндігі де, әлеуеті де төмен. Қуат көзіне деген тапшылықтан құтқара алмайды. Мамандардың топшылауынша, керітартпалыққа жол бермей, АЭС салуға бірауыздан жұмылу керек.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар