Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль өмір бойына сотталды

Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль  өмір бойына сотталды
әлеуметтік желі
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль 2024 жылы әскери жағдай енгізуге әрекеттенгені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль 2024 жылы әскери жағдай енгізуге әрекеттенгені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мұндай үкімді Сеулдің Орталық аудандық соты шығарды. Арнайы прокурорлар оған өлім жазасын сұрағанымен, сот өмірлік жаза тағайындады.

Сот шешімінде негізгі айып ретінде экс-президенттің Ұлттық жиналыс ғимаратына әскер кіргізу туралы шешімі аталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл қадам парламенттің жұмысын тоқтатуға және саяси процесті күшпен бақылауға алуға бағытталған. Судьялар дәл осы әрекетті «мемлекеттік құрылымға тікелей қауіп» деп бағалады.

Сот отырысы Юн Сок Ёльдің қатысуымен өтті және ұлттық телеарналар арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Бұл процесс ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де үлкен резонанс тудырды.

Еске салсақ, Юн Сок Ёльге 2024 жылдың желтоқсанында импичмент жарияланған. Алайда ресми түрде импичмент 2025 жылдың сәуірінде сот шешімімен бекітілді. Оған дейін экс-президентке қамауға алу ордері берілген болатын. Бұл — Оңтүстік Корея тарихында қызметтегі президенттің тұңғыш рет тұтқындалуы.

Сонымен қатар, экс-бірінші ханым да қымбат сыйлықтарға байланысты жанжалдан кейін түрмеге қамалды. Бұл оқиға да қоғамда үлкен талқылауға себеп болды.

Юн Сок Ёль осылайша Оңтүстік Кореядағы «президенттік қарғыс» деп аталатын құбылыстың кезекті мысалына айналды. Ел тарихында президенттердің басым бөлігі қызметтен кейін тергеуге тартылып, сотталған, импичментке ұшыраған, халықтық толқулар мен әскери төңкерістердің нысанасына айналған. Кейбірі тіпті қастандықпен өлтірілген немесе өмірін қайғылы аяқтаған.

Корея тәжірибесі бір нәрсені көрсетеді: бұл елде президент болу — билік шыңы ғана емес, аса қауіпті саяси сынақ. Юн Сок Ёльге шығарылған үкім сол жүйенің кезекті қатаң сигналы болды.