Оңтүстік Корея президенті әскери төтенше жағдайды алып тастайтынын айтты

Қаракөз Амантай 04 жел. 2024 09:30 688

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль елде жарияланған әскери төтенше жағдай алынып тасталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайды қамтамасыз ету үшін жұмылдырылған әскердің кері шақырылатынын атап өтті.

“Министрлер кабинетінің отырысы арқылы ұлттық құрылтай талаптарын ескере отырып, әскери жағдай режимін тоқтатамын. Біз министрлер кабинетінің отырысын шұғыл түрде шақырдық. Бірақ таңертеңгі уақыт болғандықтан, кворум жиналған жоқ. Сол себепті кворум жиналған сәтте-ақ әскери жағдайды ресми түрде тоқтатамыз”, – деді ол.

Сонымен қатар ол ұлттық құрылтайды жауапкершілікке шақырып, заңнама мен бюджетті манипуляциялау арқылы елдің қызметіне кедергі келтірмеуді өтінді.

“Мұндай әрекет мемлекеттің жұмысын шектеуге әкеледі”, – деп ескертті Юн Сок Ёль.

Айта кетсек, Юн Сок Ёль 3 желтоқсан күні кешке елде әскери төтенше жағдай енгізген болатын. Бұл соңғы 45 жылда Оңтүстік Корея басшылығы тарапынан енгізілген алғашқы әскери жағдай болды.

Көп ұзамай Сеулдегі Ұлттық ассамблея ғимаратының алдында наразылық білдірушілер жиналып, полиция парламент ғимаратына кіру жолдарын жауып тастады. Қала көшелерінде әскери техника пайда болды.

Бірнеше сағаттан кейін 300 депутаттың 190-ы парламентке кіріп, әскери төтенше жағдайды тоқтату үшін дауыс берді. Оппозиция жетекшісі Ли Джэ Мен президенттің шешімін “конституцияға қайшы” деп атап, оны “халыққа қарсы әрекет” деп сынға алды.

Ал Қазақстанның Кореядағы елшілігі елдегі әскери төтенше жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

Корея Республикасы президенті Юн Сок Ельдің әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын сабырлық сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз. 

Қазақстан Республикасының азаматтары үшін төтенше жағдай туындаған жағдайда, жедел байланыс үшін +8210-6572-9311телефоны арқылы елшілікке хабарласуларыңызды сұраймыз!, - делінген елшілік таратқан хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар