Оңтүстік Кореяның Ичхон қаласында жергілікті жүргізушіге шабуыл жасады деген күдікпен 21 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі оған консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, ұсталған азаматқа бөтеннің мүлкін бүлдіру, көші-қон режимін сақтамау және көлікті пайдалану қағидаларын бұзу сияқты бірқатар құқықбұзушылық бойынша күдік келтірілген. Қазақстандық дипломаттар оған консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр.
Оңтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға 29 шілдеде болған. Көлікте отырған Қазақстанның екі азаматы жергілікті жүргізушіні аңдып, кейін оның жолын бөгеп, қорқытқан деген болжам бар. Ер адамдардың бірі жәбірленушінің көлігін тепкен. Оқиға бейнетіркегішке түсіп қалған.
Басылымдардың мәліметінше, ұсталған азамат әрекетін көлік сатып алу жөніндегі сәтсіз келісіммен түсіндірген. Оның айтуынша, ол жәбірленушінің көлігін мәміле жасауды жоспарлаған адамның көлігімен шатастырып алған.
Алғашында құқық қорғау органдары күдіктілердің кім екенін анықтай алмаған. Кейін бейнежазба интернетте таралған соң тергеу қайта жанданып, полиция көліктің мемлекеттік нөмірінің бір бөлігін анықтап, оқиғаға қатысушылардың бірін тапқан.
21 жастағы Қазақстан азаматы 16 қазанда ұсталған. Сот оның қашып кету қаупін ескеріп, қамауға алуға санкция берген. Ал оқиғаға қатысы бар екінші азаматтың жасы 25-те. Ол бұған дейін көші-қон ережелерін бұзғаны үшін Оңтүстік Кореядан елден шығарылған.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломаттардың ұсталған азаматқа консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын және жағдайды бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.
Ұсталған азаматтың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденгенге дейін ол кінәсіз деп есептеледі.