Өңірлік кадрлық резерв жастар үшін маңызды әлеуметтік лифт – Ерболат Досаев

Жарбол Кентұлы 21 там. 2024 10:13 2384

Алматы әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті бірлесіп, қала әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен өңірлік кадрлық комиссияның отырысын өткізді. Отырыста өңірлік кадрлық резервке үміткерлерді іріктеудің соңғы кезеңі өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың өңірлік кадрлық резервіне іріктеудің бірінші кезеңі 1 наурызда басталған болатын. Үміткерлер бес кезеңнен өтуі тиіс болды. Іріктеуге 35 жасқа дейінгі, жоғары білімі бар және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Алматы қаласы бойынша бірінші кезеңде 261 үміткер құжат тапсырса, соңғы кезеңге 43 үміткер жіберілді.

Қала әкімі Ерболат Досаев финалдық кезеңге өткен үміткерлерді құттықтап, сәттілік тіледі: олар бұған дейін заңнаманы білу, жеке қасиеттер мен құзыреттерді бағалау бойынша тестілеуден сәтті өткен еді.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды әрі мақсат қоя білетін жастар үшін әлеуметтік лифтінің маңыздылығын бірнеше рет айтқан. Біздің өңірлік кадрлық резервіміз үміткерлеріміз үшін осындай лифт болатынына сенімдімін, – деді Алматы әкімі.

Келесі кезеңде «құрылымдық сұхбат» барысында үміткерлер өздерінің ұсынылған идеяларының, қызықты жобаларының мәні мен мақсатын, оларды жүзеге асыру кезеңдерін, ықтимал мәселелерді, күтілетін нәтижелер мен оларды шешу жолдарын ашып көрсетті.

Іріктеу қорытындысы бойынша 30 резервист өңірлік кадрлық резервке қабылданады, олар екі жыл ішінде қаладағы жергілікті атқарушы органдағы түрлі бос лауазымдарға байқаусыз тағайындалуға үміткер бола алады.

Өңірлік комиссия төрағасының орынбасары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы Әлімхан Шынарай, ал комиссия құрамына қалалық мәслихаттың төрағасы Мейіржан Отыншиев, Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссияның төрағасы Алтай Бердіқұлов және қала әкімі аппаратының басшысы Айдар Жақыбаев кірді.

Комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында іріктеудің соңғы кезеңінде Мемлекеттік қызмет істері департаменті тәуелсіз салалық сарапшыларды шақырған. Сарапшылар үміткерлер үшін іріктеудің ашық және әділ өтуін қамтамасыз еткенін атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар