Аудандық және облыстық баспасөз мұрағатын сақтау – ұлттық маңызы бар мәселе, деп мәлімдеді сенатор Бибигүл Жексенбай депутаттық сауалында, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенатордың айтуынша, Қазақстанда 200-ден астам аудандық және қалалық газет бар, олардың көпшілігі жүз жылдан астам уақыт бойы үздіксіз шығып келеді. Бұл басылымдар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын, жергілікті билік шешімдерін және елді мекендердің күнделікті өмірін жүйелі түрде тіркеп отырған.
Алайда соңғы жылдары аудандық баспасөз архивтері жоғалу қаупіне тап болып отыр. Редакциялар жабылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде көптеген мұрағаттар жойылып кеткен. Сонымен қатар 1930–2000 жылдары шыққан аудандық газеттердің бірыңғай цифрлық тізілімі мен толық электрондық қоры жоқ.
Бибигүл Жексенбай бұл жағдайдың құқықтық тәуекелдер тудыратынын атап өтті. Себебі 1990–2000 жылдары көптеген ресми шешімдер тек аудандық газеттерде жарияланған. Мұрағаттардың жоғалуы азаматтардың құқықтарын қорғауға және сот тәжірибесіне кері әсер етуі мүмкін.
«Аудандық газеттер – тәуелсіздік жылдарының шынайы шежіресі, өңір тарихының баға жетпес дереккөзі. Архивтерді қабылдау, сақтау және цифрландыру тәртібі өңірлерде әркелкі. Бірыңғай ұлттық стандарт пен жауапты оператор айқындалмаған», – деді сенатор.
Ол халықаралық тәжірибеде аймақтық басылымдар архивтері ұлттық басымдық ретінде қарастырылатынын еске салды. АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германияда мұндай қорлар ұлттық архивтерге өткізіліп, мемлекеттік бағдарламалар аясында цифрландырылады.
Осыған байланысты сенатор барлық өңірлерде аудандық газеттер архивтеріне толық инвентаризация жүргізуді, оларды сақтау мен цифрландырудың бірыңғай ұлттық стандартын әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ біртұтас цифрлық аудандық баспасөз архивін құру, жабылған редакциялардың барлық қорын міндетті түрде мемлекеттік архивтерге тапсыру тәртібін енгізу қажет екенін айтты.
