Қазақстанда өндірістік жарақаттардың ауырлығын бағалаудың бірыңғай тәртібін енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі тиісті бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған, ұсыныстар мен ескертулер 2026 жылғы 19 тамызға дейін қабылданады.
Жобаға сәйкес, дәрігерлер өндірістік жарақаттың ауырлығын бірыңғай өлшемдер бойынша бағалайды. Атап айтқанда, жарақаттың сипаты мен ауырлығы, өмірге төнген қауіп, уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі, еңбекке қабілеттіліктің тұрақты немесе кәсіби жоғалуы, ауруханаға жатқызу, операция немесе реанимациялық көмек қажеттілігі және жарақаттың ұзақ мерзімді салдары ескеріледі.
Министрлік мұндай қорытынды жазатайым оқиғаны әрі қарай тергеу кезінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ауыр немесе адам өліміне әкелген, сондай-ақ топтық өндірістік оқиғалар бойынша арнайы комиссия құрылып, оқиғаның себептері мен еңбек қызметімен байланысын анықтайды.
Жоба өтемақы, сақтандыру төлемдері немесе жәрдемақылар мөлшерін өзгертуді көздемейді. Негізгі жаңашылдық - өндірістік жарақаттарды бағалаудың бірыңғай медициналық тәсілін енгізу. Соның нәтижесінде ұқсас жағдайлар бірдей критерийлер бойынша бағаланатын болады.
Министрлік өндірісте жарақат алған азаматтарға оқиға туралы жұмыс берушіге дереу хабарлап, медициналық көмекке жүгінуді, медициналық қорытындыларды сақтауды және тергеу материалдарымен танысуды ұсынады.