Күні кеше ғана ҚР Төтененше жағдайлар министрлігіне қарасты Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығметжан Мақажанов ел аумағындағы өндіріс ошақтарының қауіпсіздік шараларын қалай сақтап отырғанына тексеру жүргізіп, нәтижесін дүйім жұртқа жария етті.
Үкімет шағын және орта бизнестің өркендеуі үшін мемлекеттік органдар тарапынан тексерулердің біршама азайтқаны белгілі. Десек те қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс өндіріс орындарында қауіпсіздік шараларының сақталуын ұйдайы қадағалап, қарапайым еңбек адамдарын түрлі қауіп-қатерлерден сақтау үшін тексеру жүргізіп тұрудың маңызы зор.
Кәсіпорындарда қауіпсіздік шараларының сақталуына қадағалайтын Өнеркісіптік қауіпсіздік комитеті биыл белгіленген кестеге сай еліміздегі 630 кәсіпорынға тексеру жүргізсе, жоспардан тыс 371 тексеру жүргізгенін айта кетуіміз керек.
Нәтижесінде 18 640 нысан тексеріліп, 17 588 түрлі қауіпсіздік шараларын сақтамау ісі анықталған. Бұл жайындағы ақпаратты Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нығыметжан Мақажанов мәлім етті.
Өндіріс орындарында төтенше жағдайларға жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы маңызды. Сол кезде оқыс оқиғалардан қарапайым еңбек адамдары зардап шекпейтіні белгілі. Бұл ретте кәсіпорындардың бәрі қауіпсіздік шараларын сақтай бермейтіні жасырын емес.
Тексеру барысында Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті инспекторлары бірқатар кәсіпорындардың үстінен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғағанын айта кетуіміз керек. Сонымен қатар 747 әкімшілік айыппұл саланып, оның жалпы көлемі 100 млн теңгені құраған.
280 нысанда қауіпсіздік шараларына қатысты өрескел қателіктерге жол беріліп, кәсіпорын қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жайттар анықталғаннан кейін инспекторлар олардың жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.
Жыл басынан бері қауіпті өндірістік нысандарда 14 апатты жағдай орын алып, 187 жағдай тіркелген. Осы ретте инспекторлар апатты жағдай көмір өндіру, металургия және мұнайгаз саласында жиі орын алатынын алға тартуда. Осы төтенше жағдай кезінде 6 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алып, бір адам салғырттықтан көз жұмған.
Осындай төтенше оқиғалардың алдын алу үшін Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті инспекторларының жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізіп тұруының маңызы зор.
Нұрлан ЖҰМАХАНОВ