«Өмірге араша түсу үшін донор бол»: Алматыда Дүниежүзілік сүйек кемігі донорлығы күні аталып өтті

«Өмірге араша түсу үшін донор бол»: Алматыда Дүниежүзілік сүйек кемігі донорлығы күні аталып өтті

18 қыркүйек күні Алматы қаласының Арбатында Дүниежүзілік сүйек кемігі доноры күніне арналған «Өмірге араша түсу үшін донор бол» атты іс-шара өтті. Шараға шамамен 100 адам қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Акцияда дәрігерлер, донорлар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еріктілер шараға қатысушыларға гемопоэздік дің жасушаларының донорлығы және Қазақстандағы сүйек кемігі донорлары тіркелімінің мүмкіндіктері туралы ақпарат берді.   

Іс-шараның басты оқиғасы — генетикалық сәйкестік арқылы тағдырлары тоғысқан донор мен реципиенттің кездесуі болды: донор — Мұхтар, реципиент — Алексии Властемир. Олардың тарихы тіркелімге қосылу туралы шешімнен бастап трансплантацияға және бір кездері бір-біріне мүлдем бейтаныс болған екі адамның жеке кездесуіне дейінгі жолды көрсетті.

Шара барысында «Неліктен мен көмектесуді таңдаймын» атты бейнероликтер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға сүйек кемігі регистріне  тіркелген азаматтар қатысты. Олар өз оқиғалары арқылы ешқашан кездеспеуі мүмкін адамға көмек қолын созуға не себеп болғанын айтып берді.

Байқау жеңімпаздары:

1-орын — Зеленцева Мария, Атырау қ.

2-орын — Уакпаева Диана, Астана қ.

3-орын — Алешкин Юрий, Алматы қ.

Көрермен қошеметі сыйлығы — Мальцева Александра, Көкшетау қ.

Ақпараттық аймақта қонақтар әлеуетті донор болу талаптары, генетикалық сәйкестікті іздеу тәртібі, сәйкестік анықталғаннан кейінгі кезеңдер және донорлықтың қауіпсіздігі туралы практикалық ақпарат алды.

Қонақтар үшін концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Арбаттағы сахнада эстрада жұлдыздарымен қатар жас өнерпаздар да өнер көрсетті.

Қазақстанда сүйек кемігі донорлығын дамытуға қоғамның назарын аудару мақсатында өткен шарада ұйымдастырушылар қатерлі дертпен күресіп жатқан жандарға үміт сыйлаған донорларға зор алғыстарын білдіріп, сый-сыяпат көрсетті.

Кейде адам өмірін құтқару үшін суперқабілет қажет емес. Бар болғаны сәйкестік және бір адамның екінші адамға көмектесуге деген шешімі қажет.