"Олар Баянауылда демалады". Арыстық 130 бала Павлодарға ұшып келді

Dalanews 27 мау. 2019 13:22 792

Бұдан бұрын Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың бастамасымен оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан жапа шеккен Арыс қаласынан 300 баланы өңірдегі демалыс базаларына орналастыру туралы шешім қабылданған еді. 


Мінекей, бүгін Арыс қаласының 130 балдырғаны мен тоғыз тәрбиешісі бар ұшақ киелі Ертіс-Баян өңіріне келіп қонды. 

Арыстан жеткен балалаларды облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов пен облыстық Білім беру басқармасының басшысы Дінисләм Болатхан қарсы алды.




 "Қазақтың жері қандай кең болса, пейілі де сондай дархан. Келген қонақтарымызды жақсылап күтіп, павлодарлықтардың қонақжайлығын мен өңірдің әсем табиғатын, оның ішінде Сабындыкөл, Жасыбай мен Торайғыр көлдерінің сұлулығын паш етуіміз керек. 



Біздің өңірдің тереңнен тамыр тартатын тарихи-мәдени мұралары күллі Қазақстанға танымал. Арыстан жеткен балалар Павлодардың табиғатымен таныс болса да, тарихын жете білмеуі мүмкін. Бұл бағытта да танымдық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. 



 Облыс басшылығы атынан сіздерге екі аптаға созылатын демалыстарыңыз мәнді де мазмұнды, қызықты да көңілді өтуіне шын ниеттен тілектеспіз. Біз, өз тарапымыздан, сіздерге барынша қолайлы жағдай жасауға тырысамыз, – деді Асхат Оралов. 



Арыс қаласынан жеткен 6-шы, 7-ші сынып оқушылары тұмса табиғатымен таңғалдыратын Баянауыл өңіріндегі "Жас дәурен" лагерінде орналасады.


Облыстық Білім беру басқармасының басшысы Дінисләм Болатханның айтуынша, арыстық оқушылардың демалысы көңілді де қызықты өтуіне барлық жағдай жасалған. 



"Бастысы Арыстағы апаттан жүрегі шайлығып қалған жеткіншектердің көңілін аулап, жазғы демалыстарының жақсы өтуіне өз үлесімізді қосқымыз келеді. Павлодардағы демалыс балалардың есінде көпке дейін қалары анық", – дейді ол. 



Арыстық оқушылармен бірге Шымкенттен келген педиатр-маман Снежанна Савичтің айтуынша, арыстық балалардың көпшілігі Павлодарға алғаш келіп отыр. Тіпті кейбірі ұшаққа да алғаш рет отырып, оны үлкен аттракцион ретінде қабылдаған екен. 



"Арыстағы апат үлкенді де, кішіне де абдыратып кетті. Павлодардағы демалыстары балаларды сергітіп, үйлеріне көтеріңкі көңіл күймен ораларына сенімдімін", – дейді ол. 

Павлодарға алғаш рет табаны тиген балалардың бірі – Нұрлан Бейсембек. 

"Иә, жарылыстарды өз көзіммен көрдім. Жаным түршікті. Алыстан көре сала бірден қала сыртына қаштық. Әке-шешемізбен бірге көлікке отырып, Шымкентте жетіп, ондағы мешітте, содан соң мектепте түнеп шықтық. Бәріміз аман-есенбіз.

Павлодар облысының әкімі біздерді, арыстық балаларды демалысқа шақырғанын естіп ерекше қуандық.


Өзіңе таңсық өлкенің табиғатымен, тарихымен, тұрғындарымен танысу біз сияқты ізденімпаз ұрпаққа қызықты. Бірден әке-шешемнен Павлодарға жіберуді өтіндім. Рұқсатын берді. Демалыс жақсы өтеді деп ойлаймын", – дейді ол. 



Арыстық оқушылармен бірге Павлодар өңіріне тәрбиешілер мен мұғалімдер де келіп жетті. Бұдан бөлек арыстықтар орналасатын демалыс аймақтарында Павлодар педагогикалық университеттің еріктілері жұмыс істейтін болады.

Ал облыстық Білім басқармасы, Полиция департаменті, тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасы, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау басқармасы тарапынан осынау орталықтарға орналасатын балалардың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар жасалған.



Облыстық білім беру басқармасын хабарлағандай, Арыс балалары үшін 4 лагерь: Баянауыл ауданындағы «Жас дәурен», Шарбақты ауданындағы «Чайка», Павлодар ауданындағы «Балдәурен» және Беловка ауылындағы «Қазхром» лагерлері жұмыс істейді.

Шара аясында, Түркістан өңірінен келген балаларға Павлодар облысының мәдени-тарихи орындарын, мұражайларды, саябақтарды көрсету турлары жоспарлануда.

«Алматы Кітап» баспасының ұжымы дәл осы жолға шығатын 130 баланы қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етті.


Айта кетерлігі, эвакуациялық орталықтарда жатқан балаларды жазғы демалыстарға жіберу жұмыстары жалғасатын болады.


 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар