Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы күреске белсенді қатысқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. “Ақорда" резиденциясында өткен салтанатты рәсімге шақырылған қарапайым қаһармандармен тілшіміз сұқбаттасқан еді.
Табиғи апатпен күреске бүкіл халық атсалысты, бұл істе әр адамның іс-әрекеті маңызды болды. Сол күндерге ойша оралсақ...
Әлия Сиғуатқызы Досмұханова, «Зағиптар арманы» қоғамдық бірлестігінің іс жүргізушісі:
Ол кезде біз марапат туралы ойлаған жоқпыз ғой. Ел басына күн туды, табиғат тосын мінез көрсетті. «Ресейден су келе жатыр» деген хабар тарады. Әлеуметтік желілерді ашуға, теледидарды қосуға қорқып қалдық. Қай жерді ашып қарасаң да, «Атырауды су басады» деген дақпырт әңгіме жүрді. Халық қатты үрейленді, жасыратыны жоқ, тұрғындардың тең жартысы қаладан қашып кетті.

Асыланбек Мұқтарұлы Ақылбеков, қол күрестен ҚР спорт шебері:
Атырау облысы, Махамбет ауданында су келеді дегенді естіген сәттен, яғни 3 сәуірден бастап бөгет салу жұмыстарын бастадық. Қолымызға күрек ұстап, жастарды қапшық қаптауға шақырып, арнайы техникаларды негізгі орындарға бағыттап, жұмысты ұйымдастырдық. Солайша, 14 шақырымдық бөгет жұмысын бітірдік. Бөгетті бітіргеннен кейін ірі көлемде су келді. 24 сағат бойы кезекшілікке шығып, күні-түні бақылап отырдық. Қазіргі уақытта су кетіп, өзен өз арнасына түсіп жатыр. Былай қарағанда, қарайған үйді апаттан аман алып қалдық қой. Еріктілер осылай бас көтермегенде, ол үйлерді су басар ма еді? Халыққа, мемлекетке миллиардтаған шығын келер еді. Сол еңбегіміз ескерілді деп ойлаймын.
Олжас Абзалұлы Сұлтанов, «CHI» ЖШС бизнесті дамыту директоры:
Сол күндерге ойша оралатын болсақ, жағдай өте қиын болды. Не істерімізді білмедік. «Су келе жатыр» деген ақпарат жеткенде қолымызда дайын жоспар болған жоқ. Ол жоспар әкімшілік тарапынан сол кезде жасалды. 1993-94 жылдары қай жерде қандай жағдайлар болғаны анықталды, карталар тексерілді, үлкендермен сөйлестік. Солайша үлкен бір жоспар құрылды. Ал енді сол жоспардың ішінде адам күші өте маңызды болды. Атырауымыз ең үлкен ауызбіршілік үлгісін көрсетті. Халық, әкімдік, басқа да мемлекеттік органдар болып тізе қосып, жоспарды іске асырдық. Жігіттер күрек ұстап, қапшық тасыса, әйел адамдар тамақ пісіріп, барлығы қолынан келген іс-әрекетті жасады.

«Ақордада» су тасқынымен күрескен қаһармандар жүздесті. Олар бір-біріне не айтты?
Әлия Сиғуатқызы Досмұханова, «Құрмет» орденінің иегері:
Салтанатты марапаттаудан кейін шағын фуршет болды. Бір-бірімізді алған төсбелгімізбен емес, су тасқынынан аман қалуымызбен құттықтадық. Сол кезде Halyk қайырымдылық қорының құрылтайшысы Тимур Құлыбаевты көріп, оған қасіретке бей-жай қарамай, халыққа қаржылай көмектескені үшін жеке өз атымнан алғыс білдірдім.
Асыланбек Мұқтарұлы Ақылбеков, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
Атырау еріктілерінен бұл салтанатты жиынға екі адам қатысты. Марапатымызбен бір-бірімізді құттықтап, қуанып, еңбегіміздің бағаланғаны үшін Президентімізге алғысымызды білдірдік. Қаржылай көмек көрсеткен бизнес өкілдеріне де үлкен рақметімізді айтамыз. Осындай қиын-қыстау кезеңде ел үшін, жер үшін аянбай еңбек еткен әрбір адам марапатқа лайық.
Олжас Абзалұлы Сұлтанов, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері:
Ақордада бас қосқанда бәріміз өзара келісіп, Атырау облысына, жалпы су тасқынына қарсы күресте көмек көрсеткен меценаттарға бірауыздан рақмет айттық. Қолдау көрсеткеннің қандай пайда алып келгеніне олар өздері де куә болды. Мұндай қиын-қыстау кезеңде меценаттар барынша көмек көрсетуі керек қой. Кімнің кім екені осы кезде білінді. Ақшасы бар бола тұра бермегендер де бар. Ешкімді мәжбүрлемейді ғой, бірақ осындай оқиға кезінде меценаттар қолынан келгенше іс-әрекет жасауы қажет деп ойлаймын.