Қазақстанның бірқатар өңірінде 1–3 шілде аралығында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шаралар өтті. Рейдтерге шамамен 3 мың полиция қызметкері жұмылдырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тексеру жұмыстары Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Абай және Ұлытау облыстарында жүргізілді.
Іс-шаралар барысында полиция бөлімшелеріне 2400-ден астам кәмелетке толмаған жеткізілді. Оның ішінде 1500-ден астамы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін, ал 1000-ға жуығы қараусыз және қадағалаусыз жүргені үшін анықталған.
Жалпы 4 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Сонымен қатар, 257 ата-ана балаларын тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Тағы 1500-ге жуық ата-ана балаларының түнгі уақытта көшеде немесе ойын-сауық орындарында жүргені үшін әкімшілік жауапқа тартылған.
ІІМ мәліметінше, профилактикалық іс-шаралар өткен кезеңде аталған өңірлерде кәмелетке толмағандардың қатысуымен бірде-бір қылмыс тіркелмеген.