Бұл туралы түрік компаниясының өкілдері облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың алдында таныстырылым жасап, «DOGUS» Constraction компаниясының Қазақстандағы өкілі Юнус Эмре Суджу мен облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының арасында аталған құжатқа қол қойылды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, жоба іске асқанда Өгем өзенінде гидротехникалық имарат (сооружение) салынып, одан үш ауданға - Сарыағаш, Мақтаарал және Қазығұртқа 3-3,5 м3/сек көлемде су тартылады. Одан соң, тартылатын суағарлар (водовод) бойынан кіші су электр стансалары бой көтеріп, 51,7 МВт электр қуаты алынады деп күтілуде.
Сонымен қатар, аталған жоба іске асқан жағдайда, облыстың Қазығұрт, Сарыағаш және Мақтарал аудандарының 400-ге жуық елді мекеніндегі 700 мыңнан аса тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп, ауыз суға байланысты мәселе толық шешімін табады.
Еске салайық, «Өгем» өзені көршілес Өзбекстанның аумағында ішінара орналасып, трансшекаралық өзендер қатарына жатқандықтан, осы жылдың ақпанында Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары Үкіметінің бірлескен жұмыс тобы бас қосқан болатын. Онда қос елдің өкілдері екіжақты ынтымақтастықты жетілдіру мәселелері бойынша отырысында «Өгем» өзенінің суын бұру келісілген болатын.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі