Сенатор Ольга Перепечинаның айтуынша, сөйте түре шетелге шығарылған қаражаттан Қазақстанға көк тиын да қайтпаған.
"Шетел асқан ақшаның нақты сомасын анықтап айта алмаймыз. Себебі бізде бұған жауап беретін арнайы орталық жоқ. Tax Justice Network халықаралық ұйымы таратқан мәлімет бойынша, соңғы 20 жылда Қазақстаннан офшорлық аймақтарға шамамен 140 млрд доллар аударылған", – дейді Перепечина.
Сенатор келтірген дәйекке сәйкес 2015-2019 жылдың аралығында Қаржы министрлігінің нұсқауымен шетел асқан ақшаға қатысты 238 қылмыстық іс қозғалыпты. Солардың арасында тек үшеуі ғана сотқа жеткен.
"Шамамен 170 іс қылмыстық құрамы дәлелденбегендіктен тоқтатылды. Иә, ақшаның шетел асқаны анық. Алайда Қазақстанның заңы бойынша бұл құқық бұзу деп табылмайды", – дейді Перепечина.
Ал сотқа дейін жеткен үш қылмыстық іс бойынша ақшаны кері қайтару қарастырылмапты, себебі Қылмыстық-процессуалдық кодексте ақшаны кері қайтару туралы талап жоқ.
Сенатор осы ретте Үкіметбасы Мәмин мен Бас банкир Досаевқа сауал жолдады.
"Қазіргі қолданыстағы заң сыртқа ағылған капиталды елге қайтаруға қауқарсыз. Бұл тарапта нақты талдау жүргізіп, экономикалық зерттеу жасау қажет.
Қазақстанда қыруар ақшаны заңды түрде шетелге алып шығатын сан түрлі жолдар бар. Тіпті қаражатты заңсыз алып шыққаны дәлелденсе де, оны шетелден кері қайтаратын талаптар қолданыстағы заңда қарастырылмаған.
Жалпы Үкіметтің капиталды кері қайтаруға қатысты не білгені бар? Мұнымен нақты қай мемлекеттік органның айналысарын анықтап алу қажет", – дейді сенатор.