"Обороты" 15 млн-нан асса, салық төлейді! Жұманғарин бет бақтырмай отыр...

Көркем Алдабергенова 11 ақп. 2025 11:07 1432

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің салық заңнамасына жаңа түзетулер ұсынылды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бектенов үкіметі қосылған құн салығының (НДС) шегін 80 миллион теңгеден 15 миллионға дейін төмендетуді ұсынуда. Әшкере мәселенің мәнісін қарапайым тілмен түсіндіріп көрмек.

НДС – тауар мен қызмет құнына қосылатын салық. Бүгінде кәсіпкердің жылдық айналымы 80 миллион теңгеден аспаса, ол НДС төлеуден босатылады.

Экономика министрі Серік Жұманғарин осындай жоғары шектің салдарынан кей кәсіпкерлер қызметін әдейі бірнеше бөлікке бөліп, әрқайсысын 80 миллион теңгеден асырмай жүретінін айтады. Осылайша, олар салықтан мейлінше жалтарады.

Ал жаңа ұсыныс қабылданып, шек 15 миллион теңгеге түссе, бизнесін әдейі бөлшектеудің еш тиімділігі қалмайды. Мемлекетке де көбірек салық түседі, жалпы алғанда әділ бәсеке ортасы қалыптасады деп күтіліп отыр.

Жұманғарин әлемдік тәжірибені алға тартуда: Канада, Оңтүстік Корея, Скандинавия елдері, сондай-ақ көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанда НДС шегі әлдеқайда төмен немесе мүлде жоқ. Бұл елдерде көпшілік кәсіпорын автоматты түрде салық төлеу жүйесіне қосылады.

Егер жаңа ереже күшіне енсе, 15 миллион теңгеден аса табыс табатын кез келген бизнес иесі бұдан былай НДС төлеуге міндеттеледі.

Бұл өзгерістің тиімді не тиімсіз болатыны әзірге белгісіз. Заң жобасын Мәжіліс мақұлдаса, бизнес орта үшін жаңа ережеге бейімделу кезеңі басталмақ.

Еске салайық, бұған дейін салық кодексі жобасы туралы маңызды тапсырма берген болатын. Яғни осы аптада өңірлерде кәсіпкерлердің, мәслихат депутаттары мен сарапшылардың қатысуымен талқылауды жалғастыруы керек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар