Бектенов салық кодексі жобасы туралы маңызды тапсырма берді

Көркем Алдабергенова 11 ақп. 2025 10:42 1986

Осы аптада өңірлерде кәсіпкерлердің, мәслихат депутаттары мен сарапшылардың қатысуымен талқылауды жалғастыру керек. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Талқылау қорытындысы бойынша Салық кодексінің жобасына түзетулер 20 ақпанға дейін Мәжілістің қарауына енгізіледі.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында салық реформасы мәселесі қаралды.

«Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде салық реформасын кәсіпкерлермен, депутаттармен және сарапшылармен бірге  егжей-тегжейлі талқылауды тапсырды», деді Олжас Бектенов. 

Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Мәселен, биылғы 10 ақпанда «Атамекен» палатасымен және кәсіпкерлермен сараланған мөлшерлемелер, арнайы салық режимдері, ҚҚС бойынша есепке қою шегі мәселелері талқыланды.

«Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге  барып, халықтың барлық санаттарымен егжей-тегжейлі талқылау керек. Мен де Астанада  және өңірлерге барып, талқылаулар өткіземін. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша Салық кодексінің жобасы мен ілеспе заң жобасына түзетулерді 20 ақпанға дейін Мәжіліске енгізу керек. Ары қарай Мәжілісте талқылауды жалғастырамыз»,деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Бүгіннен бастап Үкімет бастамаларын өңірлердегі бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен талқылайтын алты жұмыс тобы өз жұмысын бастайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар