Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепёха Нұрайдың ісіне қатысты видео таратқан полиция қызметкерінің әрекетіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Нұрай Серікбайдың видеосы тараған еді. Алдын ала мәліметке сәйкес видеоны Шымкенттің бұрынғы полиция қызметкерлері жариялаған болуы мүмкін. Кадрларда Нұрай Серікбай өзін күштеп алып кетпегенін айтып, сол күні күдіктінің көлігіне өз еркімен отырғанын жеткізеді. Сондай-ақ, ол ер адамға ешқандай шағымы жоқ екенін айтады.
29 қаңтарда Сенат дәлізінде журналистер Игорь Лепёхадан полиция қызметкерінің мұндай әрекетке құқығы бар-жоғын сұрады.
"Мұндай әрекетке құқығы болған жоқ. Қылмыстық іс қозғалды. Барлығына құқықтық баға беріледі", - деп жауап берді ол.
