Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрайдың ісі бойынша сот тікелей эфирден көрсетілмейді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді.
"Нұрайдың ісі бойынша сотты тікелей эфирде өткізуден бас тартты. Алайда журналистерге сотқа қатысуға, түсіруге кедергі жоқ екенін жеткізді. Сот отырыстары әр аптаның сейсенбі және жұма күндері таңертеңгі сағат 10:00-де өтетін болды", - деді ол.
Айта кетейік, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбай пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Қайғылы оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Нұрай Серікбай 11 рет пышақ жарақатын алған.
Кейінірек полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы тұрғынды өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады.
Бұған дейін күдікті жындыханаға жатқызылғаны, алайда ақыл-есі дұрыс екені айтылды.