Нұрай Серікбай ісі: бұрынғы полицей сотта куәлік берді

Нұрай Серікбай ісі: бұрынғы полицей сотта куәлік берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іске байланысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Кезекті сот отырысында бұрынғы полиция қызметкері Әбілғазы Артықбай куәлік берді. Оның айтуынша, 5 қазан күні кешке Нұрайдың ағасынан «қызды күштеп алып кетті» деген хабарлама түскеннен кейін ол оқиға орнына барған.

Полицейдің сөзінше, күдікті Шерхан Аймаханның үйіне келген кезде Нұрайдың ағалары қарындастарының ұрланғанын айтқан. Кейін үйге кіріп, қыздан "осында өз еркіңмен келдің бе?" деп сұрағанда, Нұрай мұны растаған.

Кейін полицей Нұрай Серікбай мен Шерхан Аймаханды полиция бөліміне жеткізген. Онда қыз өзіне қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтқан. Бұл түсініктеме бейнежазбаға да түсірілген.

Сот барысында жәбірленуші тараптың адвокаты полиция қызметкерінен не себепті түсініктемені бейнекамераға жазып алғанын сұрады. Бұған жауап ретінде куә мұндай әрекеттің қалыпты тәжірибе екенін, полицияға күн сайын көптеген азамат жүгінетінін айтты.

Сондай-ақ ол бейнежазбадағы Нұрайдың сөзі алдын ала дайындалған немесе өзіне біреу айтып тұрған деген пікірмен келіспейтінін жеткізді.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты істегі материалдарға сүйене отырып, қыздың сөзі жаттап алғандай әсер қалдыратынын алға тартты. Оның айтуынша, бейнежазбада полицейдің Нұрайға кейбір сөздерді айтып тұрғаны естіледі.

Алайда бұрынғы полиция қызметкері бұл айыптауды жоққа шығарып:

"Мен оған ештеңе айтып тұрған жоқпын, ондай болған емес", – деп жауап берді.

Сондай-ақ ол сол күні қабылданған шешімді заңды әрі әділ деп санайтынын айтты. Бұдан бөлек, шешім прокуратураның нұсқауымен қабылданды деген мәлімдемені де теріске шығарды.

Еске салайық, 2026 жылдың 11 қаңтарында Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза тапты. Тергеу нұсқасына сәйкес, 28 жастағы Шерхан Аймахан қызды дүкен маңында күтіп тұрып, бірнеше рет пышақтаған. Оқиғадан кейін күдікті қашып кеткенімен, арада көп уақыт өтпей қаладан шамамен 10 шақырым жерде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.