Нұр-Сұлтанда қызметкерлері толықтай вакцина алған кәсіпорындар көбейіп келеді

Dalanews 16 шіл. 2021 10:46 846

Қазіргі уақытта қалалық кәсіпорындар эпидемиологиялық жағдайдың ауырлығын түсіне отырып, өз қызметкерлерін иммундауды жүргізуде.

Елордалық такси жүргізушілері Нұр-Сұлтандағы жаппай вакцинация науқанына қосылды, деп қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Вакцинациядан өтетін компаниялардың көбі қаланың медициналық мекемелерінің жанынан құрылған мобильді бригадалардың қызметін пайдаланып, тікелей жұмыс орындарында вакцина қабылдап жатыр. Бұл әдіс қызметкерлердің жұмыс уақытын алмайды.

Мысалы, «СМЭУ Астана» ЖШС №5 қалалық емхананың мобильді тобын шақырды. Алғашқы күні 80 адам егілді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 70%-ын құрайды. Вакцинаның екінші компоненті осы жылдың 24 шілдесінен кешіктірілмей ұйымдастырылады.

Вакцинациядан толық өтетін компаниялар қатары көбейіп келеді. Бүгін «Регион» таксопаркінің қызметкерлері жаппай вакцинациядан өтті.

Мекеме директоры Самат Қалымбетовтің айтуынша, қызметкерлердің басым бөлігі тұрғылықты жері бойынша медициналық мекемелерде және сауда орталықтарында иммундаудан өткен. Қалғандары жақын арада вакцина алады.


«Вакцинаның алғашқы компонентін 40-қа жуық жүргізуші алды. Олардың бәрі өзін жақсы сезінеді. Жүргізушілеріміздің бәрі иммундаудан өтуге ниет білдірді», — деді «Регион» таксопаркінің директоры Самат Қалымбетов.



Айта кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше елордада вакцинаның бірінші компонентін 304 мыңға жуық адам алды, 183 мыңға жуық қала тұрғыны толық иммундаудан өтті.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар