Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, бұл 2020 жылмен салыстырғанда екі есе, ал 2019 жылдан төрт есе көп.
Елордада жыл сайын ішкі көші-қон есебінен де, туу көрсеткіші есебінен де қала тұрғындарының саны өсіп келеді. Мысалға 2010 жылы қала мектептерінде 74 мың оқушы білім алса, қазір 193 мың оқушы білім алуда. Жыл сайын бірінші сынып оқушыларының саны өсіп келеді. Мысалы, 2019 жылы 5,5 мыңнан астам түлек мектеп бітірсе, бірінші сыныпқа 24,5 мыңға жуық бүлдіршін келді. Ал 2020 жылы 6,6 мың түлек болса, бірінші сыныпқа 21 мыңнан астам бала келді.
2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда 400 мыңға жуық оқушы болады деп ойлап отырмыз. Әрине, бұл тамаша көрсеткіш, тиісінше мектептердің көбірек ашылуын талап етеді.
Біз ірі мектептердің құрылысына көштік. Білім мекемелері қаланың барлық ауданында, соның ішінде тұрғын үй массивтерінде салынып жатыр. Қажеттілігі бар аудандарға ерекше назар аударылады, - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов ОКҚ-да өткен брифингте.
Әкімнің айтуынша, елордада 2019 жылы 6 мектеп, ал 2020 жылы 11 мектеп салынса, биыл 15 мектеп салынады. Бұл жаңадан 40 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Егер салыстырмалы түрде қарасақ, бұл 2020 жылдан екі есе, ал 2019 жылдан төрт есе көп.
Алдағы бес жылға елордада 67 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Оқу орындарының құрылысы жеке инвестицияларды тарту есебінен де жүргізілуде. Болашақ педагогтарды ынталандыру мақсатында гранттар саны ұлғайтылды. Жыл сайын орта арнаулы оқу орындарында оқуға кемінде 800 грант, ал жоғары білім алуға тағы 300 грант бөлу жоспарланып отыр, - дейді ол.