Нұр-Сұлтанда Әбіш Кекілбайұлының атына көше берілді

Dalanews 07 жел. 2019 13:05 814

6 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының атына көше берілді, деп хабарлайды Елорда инфо.

Тірісінде-ақ "абыз Әбіш" атанған заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлының бүгін туған күні. Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері тірі болғанда, бүгін 80 жасқа толар еді. Жаңа көшенің ашылуына абыз жазушының аяулы жары Клара Жұмабаева, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, академик, ғалым Кенжеғали Сағадиев, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов қатысты.
"Қазақтың осындай біртуар, абыз азаматы болғанға шүкір етуіміз керек. Осы көшенің бойынан өткен өскелең ұрпақ Әбіш Кекілбайұлының кім екенін, Нұр-Сұлтан қаласының не үшін салынғанын ескеріп, тәуелсіздігіміздің баянды болуына өз үлесін қосады деп ойлаймын", - деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.

Көше елорданың сол жағалауындағы ЭКСПО аумағына жақын маңда орналасқан. Мәңгілік ел көшесімен қиылысады.
"Бұл – мемлекетіміздің мәдениет қайраткерлеріне, біздің жазушыларға, қазақ елінің бірлігін, ынтымағын көтеріп жүрген азаматтарға үлкен құрмет. Әбіш ағаның ұрпағы жасай берсін! Бәріңізге береке-бірлік тілейміз! Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын!", - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Салтанатты жиында ғалым, академик Кенжеғали Сағадиев Әбіш Кекілбайұлы туралы естеліктерімен бөлісті.
"Халқымыздың сүйікті перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, біздің рухани әлемімізде ерекше орны бар Әбіштің есімі мынадай керемет көшеге берілді. Қазақтың қатпар-қатпар сырын, мұңын, ойын арманын жазып, болмысын сомдап, әлемге паш етіп жүрген тұлғалардың еңбегі осылай бағалануы керек. Әбіш тірі болғанда дәл бүгін 80 жасқа келер еді. Жақында Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтауға арнайы барып абыз жазушының ескерткішін ашты. Ел астанасының алғашқы іргетасын қалап, оны осындай сәулетті шаһарға жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлы. Осындай көп уақыт ішінде оның сенімді серігі болған Әбіш еді. Қазір елорданың Нұр-Сұлтан атануының, мына көшеге Әбіш Кекілбайұлының есімі берілуінің артында үлкен мән бар. Әбіштің еңбектерін әлем тілдерінде сөйлетуіміз керек. Оның ойшылдығы ешкімнен кем түспейді. Оны әлем ойшылдарының қатарына енгізуіміз керек. Бұл - өскелең ұрпаққа артылып отырған міндет", - деді Кенжеғали Сағадиев.

Жиын барысында Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов та Әбіш Кекілбайұлы Елбасының сенімді серігі болғанын еске алып өтті.
"Елорданың әдемі қысы, жылымық аязы, сәл шыңылтыр желі бар. Осы қысы туралы жұрт небір түрлі сөздер айтып жатқанда, оның қайта денсаулыққа пайдасы, сергектікке алып келетінін, болашағымызға қаншалықты оң әсер ететінін жазып, дәріптеген Әбіш ағамыз болатын. Елбасының қасында жүріп, осы астанамыздың, әуел бастан Алматы тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болғанда соның туын бірге көтерісіп, сырласқан сенімді серігі болды. Елбасы толғанып жүріп өзінің шешімін ең алдымен төрт-бес азаматты жинап алып айтқанда соның оң жағында Әбекең отырған", - деп Әбіш Кекілбайұлы туралы ойымен бөлісті.

Ол сөз арасында кеңес билігі орнап тұрған шақта халқымыздың ұлы тұлғаларын дәріптеу үшін Мәскеуден рұқсат сұрау қажеттігін еске алып өтті.
"Жақында ғана Фариза Оңғарсынова атындағы көшені аштық. Екеуі өмірде бірге жүрді, қазір пантеонда қатар жатыр. Енді міне олардың атындағы көшелері де қатар тұр. Ол кісінің жатқан жері жайлы болғай! Артында қалған асыл мұрасы ғасырлар бойы елге еңбек етеді. Қай көшемен жүресің дегенде Әбіш Кекілбайұлының көшесімен барып, оңға бұрылсаң Фаризаның көшесіне шығасың деп талай қазақ талай үйді іздеп айналып жүреді", - деп Қуаныш Сұлтанов жылы лебізін білдірді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар