Кеше еліміздің ең ұлық мерекесі - Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша партияны енді президент Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратыны белгілі болды. Бұл туралы Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай «Атқаратын лауазымдары мен құқықтарына қарамастан Нұрсұлтан Әбішұлы ұлтымыздың көшбасшысы - Елбасы, қазіргі заманның көрнекті саясаткері, әлем қауымдастығы мойындаған беделді тұлға болып қала беретінін ұғыну керек. Партия жарғысына сәйкес, төрағаны сайлау және қызметінен босату Nur Otan партиясы съезінің ерекше құзыретіне кіреді. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасы болып қала береді» деп атап өтті.
Ия, мұндай қадам елдегі қос билік туралы конспирологиялық қауесеттерге нүкте қойып «Nur Otan» партиясы қоғамды ел Президенті маңына топтастыра түседі. Осы жылдар ішінде билеуші партияның саяси тұрақтылыққа негізделген, салмақты ой елегінен өткізілген эволюциялық реформалары мен электоратпен жүргізілген дәйекті жұмыстары нәтижесінде Қазақстанның саяси партиялық жүйесінде «Nur Otan» партиясы қашанда әрбір азаматтың қажеттілігін ескере отырып сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бағытында біраз жұмыстар атқарып келеді. Қазақстан осы жылдар ішінде:
?орнықты саяси институттары мен бәсекеге қабілетті қуатты экономикасы бар кемелденген демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты
?дүниежүзілік сауда-экономикалық жүйеге толық еніп, өзін сенімді серіктес ретінде көрсетті
?Орталық Азия аймағының экономикалық көшбасшысы ретінде қалыптасты
?ішкі саяси, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты қамтамсыз етті.
?халықаралық аренада көпвекторлы және теңдестірілген сыртқы саяси бағыты бар беделді және тұрақты мемлекет ретінде нығайды.
Елбасы сөйлеген сөзінде партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуына оң баға беріп, партияның ұзақ мерзімді көшбасшылығын қамтамасыз ету үшін өз жұмысында 5 негізгі принцип:
✅Біріншіден, «Nur Otan» қашанда заман көшінен қалмау керек
✅Екіншіден, «Nur Otan» қашанда халық мүддесін басшылыққа алуы керек
✅Үшіншіден, «Nur Otan» айқын мақсаттар мен оларға жетудің нақты жолдарын айтуы керек
✅Төртіншіден, біз әрқашан ұйымшыл, біртұтас ұжым болып мақсатымызға жетуіміз керек
✅Бесіншіден, «Nur Otan» - біз қоғамды бүкіл халық үшін іргелі болып табылатын партия құндылықтарының төңірегіне топтастыруымыз керек.
Жалпы билеуші саяси партиялардың ұзақ мерзімді басшылығымен мемлекеттер табысының жүйелілігі мен шарттылығы сабақтас. Қуатты мемлекет пен дамыған азаматтық қоғамды қалыптастыру үшін ел 40-50 жыл тұрақты алға жылжуы қажет. Көптеген елдердегі билеуші саяси партиялардың ұзақ мерзімді көшбасшылығы табыс пен әлеуметтік-экономикалық өсудің шарты болды (Швеция, Жапония, Сингапур, Малайзия, Қытай). Сондықтан да «Nur Otan» 20 жыл бойына билік партиясы ретіндегі тәжірибесі және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және тәуелсіздігімізді нығайту жолындағы реформаларды дәйекті түрде жүзеге асыру қисынды және объективті түрде айқындалды.
Ары қарай Елбасы жас ұрпаққа тәуелсіздіктің 7 тұғыры жөнінде бағдарлама ұсынды:
?Бірінші. Тәуелсіздік - кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық.
?Екінші. Бірлік пен келісім - елдігіміздің мызғымас тұғыры.
?Үшінші. Жер - ата-баба мұрасы, халық қазынасы.
?Төртінші. Отбасы мен салт-дәстүр - қоғамның алтын діңгегі.
?Бесінші. Ұлттық мәдениет - халықтың рухани тірегі.
?Алтыншы. Білім мен еңбек - бақуатты өмірдің кілті.
?Жетінші. Прагматизм - бәсекеге қабілетті болудың кепілі
Аталған әрбір тұғырда Елбасы 30 жылдық белесті елмен бірге өткізген ірі сарабдал саясаткер ретінде өткен мен бүгінді саралай отыра, елімізді рухани дамытудың бағытын айқындап берді деп ойлаймын. Ия, қазақ елі үшін жерден қасиеті ешнәрсе жоқ. Жер халық бірлігінің символы. Әрбір қазақ үшін ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, болашақ ұрпаққа мирас ету парыз. Елбасы «адамзат тарихында, тіпті қазіргі кезеңде де даулы территорияның соғысқа, қантөгіске алып келгенін, өскелең ұрпақты осындай қауіптен сақтап қалу үшін барын салғанын» атап көрсетеді, біздің 30 жылдық тәуелсіз мемлекет ретіндегі ең үлкен жетістігіміз ешқандай қайшылықсыз шекарамызды бекіте алғанымыз, енді болашақтағы басты мақсат осы жерді көздің қарашығындай қорғай білуіміз қажет.
Сонымен бірге, елдің болашағы білімді жастар деп Елбасы өскелең ұрпақты тек өз біліміміз бен күшімізге сенуіміз керек екеніне шақырады. Расында, біз тек терең білім арқылы жауапкершілік, әлемге ашықтық, көпвекторлылық, жаһандық үдерістерге және интеграциялық жобаларға қатысуға бағдарлану, адамдардың өмірін өзгертетін, елдің және әлемнің болашағын айқындайтын жаңа идеяларды, білім мен технологияларды қабылдау қабілеті арқылы заманауи дамыған қазақ қоғамын қалыптастыра аламыз.
Жалпы, «Елдіктің жеті тұғыры» тұжырымдамасы - Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізін қалаған, Отан және мемлекеттілік тарихының барлық кезеңдерін жетік білетін Елбасының саяси тәжірибесі мен саяси философиялық пайымдауынан туған Тәуелсіздіктің мызғымас құндылықтарын көрсететін іргелі құжат. Тұжырымдама - Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел болу жолында негіз болары хақ.