Nur Otan – мүгедек жандар тұрғылықты жерінен бөлек, ел аумағы бойынша қоғамдық көлікті тегін пайдалану керек

Dalanews 08 шіл. 2021 05:58 807

«Nur Otan» партиясы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын жетілдіру, кедергісіз қалалық инфрақұрылым құру және ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселелері қаралды, – деп хабарлайды Dalanews.kz «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында елімізде құрылыс кезеңінде нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде нормативтік талаптардың орындалуына қоғамдық бақылау жүйесін құру және кедергісіз ортаны қамтамасыз ету саласында мамандар даярлау жүйесін енгізу қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ, кеңес мүшелерінің пікірінше, мүгедектігі бар адамдардың мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардарлығын арттыру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттілігі сөз болды.

– Бүгінде әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодекс «қаржыландыру қызмет алушыға ілесіп жүруі тиіс» қағидасына сәйкес болуы тиіс. Қарағандыда тұратын мүгедектігі бар адамдар қоғамдық көлікті жергілікті бюджет қаражаты есебінен тегін пайдаланады. Алайда ол елордаға келгенде, қоғамдық көлікте тегін жүре алмайды, – деді кеңес мүшесі, Қарағанды облысы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндіталиев.

Өз кезегінде кеңес мүшесі, «Арман – АНК» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Гүлнар Омарова ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға екпе егу мәселесіне жеке тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде үйге барып екпе егу тек төсек тартып жатқандар үшін ғана жүргізіледі. Ал мүгедектігі бар көптеген адамдардың хабардарлығы төмен болғандықтан, олар екпе егуге болмайтын жағдайлардың тізімі, сондай-ақ қосалқы аурулары болған жағдайда екпе алуға болатыны не болмайтындығы жайында білмейді.

Бұған жауап ретінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов партия кеңесінің өкілдерін ерекше қажеттіліктері бар адамдарды вакцинациялау процесі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдерімен бірге жергілікті жерлерде пысықталатынына сендірді.

– Биыл мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған 5 заң қабылдау жоспарланған. Оның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлік және инклюзивті білім беру туралы 2 заң қабылданды. Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң Парламент Сенатының қарауында. «Мүгедектердің құқықтары туралы факультативтік хаттаманы ратификациялау» және «Мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы» тағы 2 заң жобасы үкімет қарауында, – деп атап өтті вице-министр.

Кездесуді қорытындылай келе, Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде барлық өңірлерде «Nur Otan» партиясының жанынан ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылым мен қоғамдық көлік нысандарының қолжетімділігіне арналған 227 мониторингтік топ құрылғанын атап өтті. Қоғамдық негізде бұл жұмысқа шамамен 1 630 адам тартылды, бірақ олардың келісілген әдістемелік ұсынымдары жоқ.

Осыған байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, 2 ай ішінде мониторингтік топтардың мүшелері үшін әдістемелік ұсынымдарды пысықтап, оларға оқыту ұйымдастыру ұсынылды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар