Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, «Nur Otan» партиясының білім беру саласындағы сайлауалды уәделерін орындау, ең алдымен Ұлттық жобада cайлауалды бағдарлама тармақтарының сапалы көрініс табуына тікелей байланысты.
Осы орайда Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова құжаттың жобасында «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының 11 тармағы енгізілгенін алға тартты. Бұдан басқа «BILIMDI ŪLT» Ұлттық жобасына білім беру саласына қатысты тағы 30 тармақты енгізу көзделіп отыр. Ал сайлауалды бағдарламаның ғылымды дамытуға қатысты басқа бағыттарын ғылым жөніндегі ұлттық жобаға қосу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, вице-министр 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобаның 4 бағыты, 5 міндеті, 15 нәтижелі көрсеткішіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету төмен (77%) деңгейде.
Сондықтан жобада мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін қамтамасыз ету деңгейін «Nur Otan» платформасында көзделгендей 95 пайызға жеткізу қарастырылған.
Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова ведомство өкіліне орта білім беру жүйесіндегі білімнің сапасына, ауыл мектептеріндегі инфрақұрылымды дамытуға, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты мейлінше азайтуға қатысты бірқатар сұрақтар қойды.
Оқушылардың білім жетістіктерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама (PISA) зерттеулерінің қорытындылары бүгінде Қазақстанда тек қала мен ауыл оқушыларының арасындағы білім сапасының айырмашылықтарын ғана емес, сонымен қатар өңіраралық та артта қалушылық бар екенін көрсеткен.
Мысалы, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында қала мектептерінің көрсеткіштері Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ауыл мектептерінен төмен. Ал Павлодар, Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстарында қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білімде алшақтық көрініп отыр.
– Сондықтан өңіраралық және ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасындағы алшақтықты азайту – жобадағы негізгі мақсаттардың бірі. Сондай-ақ, мектептерді жайлы және қауіпсіз ету, заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз етуде инфрақұрылымдық мәселелер әлі де өзекті болып отыр. Соңғы 5 жылда 471 мектеп салынып, пайдалануға берілді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Орын тапшылығы алдағы уақытта 256 мыңға дейін жетеді деп болжанып отыр. Елімізде мектептердің 137-сі үшауысымда, 5095-і екіауысымда жұмыс істейді. Апатты жағдайдағы 34 мектеп бар. 248 білім ошағы саманнан салынған. Осы мәселелерді шешу үшін «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес алдағы 5 жылда 800 мектеп салу жоспарланған. Бұл мәселе үнемі Үкімет пен партияның бақылауында, – деді Ш.Каринова.
Осы күнге дейін 86 ЖОО-да педагог мамандар даярланып келсе, ендігі жерде педагогтарды сапасыз дайындайтын университеттердің лицензиясы қайтарып алынады. Базалық педагогикалық ЖОО-ы белгіленіп, соларға ғана тиісті мемлекеттік тапсырыс беріледі.
Сапалы педагог мамандарды даярлау мақсатында қолға алынған тағы бір шара ретінде вице-министр педагогикалық мамандықтарға білім деңгейі жоғары мектеп бітірушілер ғана қабылданатындығын атады.
Педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шекті балл былтыр 70 болса, биыл ол 75 балға дейін көтерілген. Енді осы 75 баллмен түскен жастар педагогика мамандығында бұрынғыдан басқа, жоғарлатылған талап бойынша дайындалған бағдарламамен оқиды. Мұнда сапалы абитурент, сапалы студент, кейін сапалы педагог болып шығады деген логика жасалып отыр.
Жиын барысында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына 500-ден кем емес қазақстандық ғалымды тағылымдамадан өтуге жіберу мәселесі де ортаға салынды. Мұнда қаржылық және жалпы жұмыстың мазмұнына байланысты мәселелер бар.
Вице-министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде «Ғалымдар» санаты бойынша тағылымдамадан өту үшін бірінші конкурстық іріктеуге барлығы 8 үміткер қатысып, 7 адамға стипендия тағайындалған. Екінші тағайындауға 50 үміткерден құжат қабылданған.
Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрібозованың айтуынша, шет елде тағылымдамадан өтіп келген азаматтардың жұмыс орны сақталады және олар келісімшартпен бекітілген мерзімде елге оралып, тағылымдама шеңберінде алған мамандығы бойынша өз жұмыс берушісінде 3 жыл еңбек өтілін қамтамасыз етуі тиіс.
Жиын соңына таман Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы Жол картасының білім және ғылым саласын дамытуға арналған тармақтарының орындалу барысы туралы Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың есебі тыңдалып, аймақ әкімдігіне бірқатар ұсынымдар берілді.
Атап айтқанда, білім беру нысандарының құрылысы, 1000 мектепті жаңғырту, мектептерді 100% білікті кадрлармен, жоғары жылдамдықтағы интернет желісімен қамтамасыз ету және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту мәселелерінің сапалы орындалуын қамтамасыз ету ұсынылды.
Жиын қорытындысы бойынша Білім және ғылым министрлігіне партияның сайлауалды бағдарламасы Республикалық жол картасының барлық тармақтарын «BILIMDI ŪLT» Ұлттық жобасына қосу мәселесін қарау, сондай-ақ, мектептерді салу мен жаңғыртуды, 2021 жылға арналған индикаторларға сәйкес пәндік кабинеттерді қамтамасыз етуді қаржыландыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмысты күшейту ұсынылды.