Бұл ретте Нұрлан Қонысбаев 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасына берген сұхбатында топтың не себепті тарап тынғанын түсіндірді, деп жазады Stan.kz.
– Әр нәрсенің өз уақыты бар ғой. 25 жыл бір ширек дейміз. Бірге жүріп, бірге ән шырқадық, Қазақстанның көп қаласын, ауылын, даласын бірге араладық. Өзінің уақыты солай болған шығар. Мектепті де 11 жыл оқып, құжатыңды алып, әрі қарай біліміңді жалғастырасың. Сол сияқты… 25 жыл бірге айтқаннан кейін: «Досым, бөлек кетемін» – дегендіктен бөлек кеттік, осындай келісімге келдік. Бірақ сәлеміміз, амандығымыз түзу, – дейді Нұрлан Қонысбаев.
Бұған дейін Мұқасан әріптесінің қайда және немен айналысып жүргенін білмейтінін айтқан. Күндердің күнінде Нұрланның тосынсыймен оралуы мүмкін екенін де меңзеген. Оның айтқаны дөп келді. Араға тура төрт ай салып, Нұрлан Қонысбаев “Шаншар” әзіл-ысқақ театрының кешінде сахнаға шықты. Алғаш рет жалғыз өзі ән салды.
Бір өкініштісі, ширек ғасырда жиналған әндердің бәрі Мұқасанның қоржынында қалған. Себебі екінші дауыс орындаушысы үшін айтылған әндердің барлығы жеке орындауына мүлдем келмейді екен.
– Дуэт болғанда екі дауыста айтатын едік. Осы уақытқа дейін өзіме жеке ән жазбаппын. 1-2 әнді 1 шумақтан айтқан кезіміз болған. Бөлінгеннен кейін 5-6 ән жазуға тура келді. Ана туралы ән жаздым, халық әндерінен алдым, ескі ретро дейді, жаныма жақын, құлаққа қонымды, өзіме келетін, халықтың көңілінен шығатын әндерді ақырындап жазып жатырмын, – деп түсіндірді Нұрлан.