Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заң жобасын депутаттар тобы әзірлеген. Құжат аясында Кәсіпкерлік кодексіне, Азаматтық процестік кодекске және «Нотариат туралы» заңға өзгерістер енгізу көзделіп отыр.
Мәжіліс отырысында баяндама жасаған депутат Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, түзетулер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, атқарушылық жазбалар жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік бақылауды арттыруға және нотариат саласын цифрландыруға бағытталған.
Құжаттағы басты өзгерістердің бірі нотариаттық қызметтерді онлайн форматқа көшіруге қатысты. Қазірдің өзінде сенімхаттар мен келісімдердің бір бөлігі қашықтан рәсімделіп жатыр. Пилоттық жоба аясында 800 мыңнан астам қызмет онлайн көрсетілген.
Депутаттардың мәліметінше, енді бұл тетіктерді заң деңгейінде бекіту ұсынылып отыр. Соның арқасында нотариаттық әрекеттер азаматтың жеке қатысуымен ғана емес, электрондық үкімет порталы арқылы да жүргізілуі мүмкін.
Заң жобасында атқарушылық жазбаларға қатысты талаптар да қатаңдатылады. Қазір кейбір микроқаржы ұйымдары келісімшарттарға кез келген нотариусқа жүгінуге мүмкіндік беретін нормалар енгізіп келеді. Бұл тәжірибе құқық қолдануда әркелкілік тудырып отыр.
Осыған байланысты атқарушылық жазбаны тек борышкердің тіркелген жері бойынша рәсімдеу ұсынылған. Егер борышкердің тұратын аумағы сәйкес келмесе, жүйе автоматты түрде бұғат қояды.
Тағы бір маңызды өзгеріс борышкерлерді хабардар етуге қатысты.
Бүгінде көптеген азамат атқарушылық жазба жасалғанын тек банк шоттары бұғатталғаннан кейін ғана біледі. Жаңа түзетулер бойынша борышкерге атқарушылық жазбаның көшірмесі электрондық үкімет порталы және SMS арқылы жіберіледі.
Мәжіліс отырысында пилоттық жоба кезінде мұндай жүйенің тиімділігі дәлелденгені айтылды.
Сонымен қатар заң жобасында нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де мүдделі тұлғалармен байланысын шектеу ұсынылған.
Атап айтқанда, жақын туыстық немесе өзге тәуелділік анықталған жағдайда нотариаттық әрекеттер жасауға тыйым салу қарастырылып отыр.
Бұдан бөлек мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор келісімшарттарына қатысты атқарушылық жазбаларды нотариустар құзыретінен алып тастау ұсынылған. Мұндай даулар сот тәртібімен қаралуы мүмкін.
Сондай ақ құжат аясында нотариустардың «Нотариат туралы» заң талаптарын және дербес деректерді қорғау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту көзделген.
Мәжіліс депутаттарының пікірінше, түзетулер қабылданса, нотариат саласындағы ашықтық артып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейеді, ал атқарушылық жазбаларды теріс пайдалану тәуекелі төмендейді.