Нью-Йорк полициясында қызмет ететін қазақтар: АҚШ-ты бағындырғандар кімдер?

Нью-Йорк полициясында қызмет ететін қазақтар: АҚШ-ты бағындырғандар кімдер?
ІІМ

АҚШ-қа жасаған жұмыс сапары аясында ішкі істер министрі Ержан Саденов Нью-Йорк қаласының полиция департаментінде қызмет атқарып жүрген этникалық қазақтармен кездесті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кездесу барысында тараптар отандастардың кәсіби жолын, ұлттық болмысты сақтау мәселеcін және туған елімен байланысты нығайту жолдарын талқылады. Министр шетелде табысқа жеткен қазақтардың өз халқының абыройын асқақтатып, әлемдегі ең ірі мегаполистердің бірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып жүргенін атап өтті.

Кездесуге қатысушылардың бірі - Нью-Йорк полициясының қызметкері Мирас Бүкешев. Ол 2000 жылы Тараз қаласында дүниеге келіп, сол жерде өсіп, мектепті тәмамдаған. 2018 жылы АҚШ-қа қоныс аударып, 2023 жылдан бері полицияда қызмет етеді.

Сондай-ақ, кездесуге Данияр Нұртаза да қатысты. Ол 2002 жылы отбасымен бірге АҚШ-қа көшіп барған. 2014 жылы Нью-Йорк полициясы қатарына қабылданған. Данияр Нұртаза 2015 жылы Нью-Йорк метросының станцияларының бірінің маңында толғағы басталған әйелдің босануына көмектесіп, көпшілікке кеңінен танылған. Оның кәсіби әрі жедел әрекеті қоғам тарапынан жоғары бағаға ие болған. Тәртіп сақшысының өмірі мен қызметі туралы деректі фильм де түсірілді.

Ержан Саденов отандастарына мамандықтарына адалдығы мен шетелде қазақ халқының беделін көтеріп жүргені үшін алғыс айтып, алдағы қызметтеріне табыс және отбасыларына амандық тіледі.