Армения президенті Ваагн Хачатурян жаңа сайланған парламент өз жұмысын бастағаннан кейін Никол Пашинянды қайтадан елдің премьер-министрі етіп тағайындады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тиісті жарлық мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланды.
«Конституцияның 149-бабының 1-бөлігіне сәйкес Никол Пашинян Армения Республикасының премьер-министрі болып тағайындалсын», – делінген құжатта.
Еске салайық, 2 тамызда Арменияда 7 маусымда өткен парламенттік сайлау қорытындысы бойынша жасақталған жаңа шақырылымдағы Ұлттық жиналыстың алғашқы отырысы өтті. Ел Конституциясына сәйкес, жаңадан сайланған парламенттің алғашқы отырысы өткен күні үкімет өз өкілеттігін тоқтатады. Осыған байланысты Никол Пашинян президент Ваагн Хачатурянның атына министрлер кабинетінің отставкаға кетуі туралы өтініш берген болатын. Кейін мемлекет басшысы бұл отставканы бекітті.
Армения Конституциясының 149-бабына сәйкес, президент парламентте көпшілік орынға ие болған саяси күш ұсынған кандидатты премьер-министр қызметіне тағайындайды. Парламентте басымдыққа ие «Азаматтық келісім» партиясы бұл қызметке Никол Пашинянның кандидатурасын қайта ұсынды.