Нығматулин: "Nur Otan" партиясының жаңа бағдарламасы табысты реформалардың жалғасы

Dalanews 25 қар. 2020 10:15 811

ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, Мәжілістегі "Nur Otan" партиясы фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин партияның жаңа бағдарламасы туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Еліміздегі негізгі және саяси жетекші ұйым "Nur Otan" партиясы тағы бір елеулі кезеңді табысты аяқтап, жаңа белеске қадам басты. Бұл - тарихи уақыт. Әрине, "Nur Otan" партиясының әрбір тарихи сәті, әрбір жеңісі, әрбір табысы ең алдымен, Тұңғыш Президентіміз, Партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен байланысты. Себебі, нұротандықтар, Елбасының білікті басшылығының, кемел саясатының және ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында әрқашанда елмен, халықпен бірге болып, аса жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді.

Барлық уақытта партия алдына ұзақмерзімді стратегиялық міндеттер қойылып, олар сәтті жүзеге асырылды.

"Nur Otan" партиясының жетістігі - мемлекетіміздің тұрақты дамуын, азаматтарымыздың сапалы өмір сүруін қамтамасыз етті. Осы табыстарымызды одан әрі жалғастыру мақсатында "Nur Otan" партиясының "Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір" атты жаңа сайлауалды бағдарламасы қабылданды.


Бұл бағдарлама – бай тәжірибелерді, шынайы мүмкіндіктерді, нақты жоспарларды қамтыған, әбден жетілген, әлеуметтік-экономикалық, саяси маңызды құжат. Ол - баршаға тең мүмкіндік, зияткер, саламатты және ыждағатты ұлт, орнықты экономика, халыққа есеп беретін мемлекет және жауапты азаматтар сияқты уақыт талабынан өткен, кез-келген заманауи қажеттіліктерге жауап бере алатын ауқымды бағыттарды қамтыған.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, партия әзірлеген 2025 жылға дейінгі сайлауалды тұғырнама – бүгінгі күннің күрделі ахуалына қатысты объективті көзқарас.

Сондықтан, "Nur Otan" партиясы кезекті сайлауалды бағдарламасын жариялай отырып, елімізді одан әрі өркендетуге, заңдылық пен тәртіпті сақтауға, уақытша қиындықты еңсеріп, халықтың әл-ауқатын күшейтуге жаңа жол салып отыр.

Бұл жол әрине, барша қазақстандықтардың, партиямыздың барлық жақтастарының жүрегінен орын алатыны сөзсіз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар