233 мыңға жуық талапкер 2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның ішінде 73,1%-ға жуығы қазақ тілінде, 26,8%-ы орыс тілінде, 383 адам ағылшын тілінде тесттен өтті. Талапкерлерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі ұсынылды. Осылайша, 233 мың талапкер ҰБТ-ны 422 мың рет тапсырды (2025 жылы 210 мың талапкер ҰБТ-ны 381 мың рет тапсырды).
Тест қорытындысы бойынша 177 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады, бұл қатысушылардың жалпы санының 76%-ы болады. Бес пән бойынша ҰБТ-ның орташа балы - 69 балл. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир және Қызылорда облысының түлегі Балхан Альфия (ҚАЗТЕСТ конвертациясы арқылы) жинады. 821 адам 130 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді.
ҰБТ өткізу барысында 890 ережебұзушылық анықталды. Оның ішінде 522 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тест кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 361 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден смарт-сағаттар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылды. Бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылған.