Назым Қызайбай Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды

Назым Қызайбай Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды
Назым Қызайбай. Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Жазғы Азия ойындарындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.

54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз Қытай өкілі Чжао Суаньмен кездесті. Екі спортшы да рейтингтегі жоғары орындарының арқасында жарыстың алдыңғы кезеңін өткізіп жіберген.

Жекпе-жек үш раундқа созылды. Алғашқы екі раундта төрешілердің басым бөлігі қытайлық боксшыға басымдық берді. Үшінші раундта да барлық төреші Чжао Суаньның жеңісін тіркеді.

Осылайша, Назым Қызайбай Азиада-2026-дағы жарысын аяқтады. Ол Қазақстан әйелдер құрамасынан турнирмен қоштасқан алғашқы боксшы болды.

Айта кетейік, Қызайбай бұған дейінгі екі Азия ойындарында да ширек финалдық кезеңде жарыстан шығып қалған.

Назым Қызайбай – қазақстандық әйелдер боксындағы ең титулды спортшылардың бірі. Ол IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатын үш рет жеңіп алған. Сондай-ақ World Boxing ұйымдастырған әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген.

Бұдан бөлек, қазақстандық боксшы Париж-2024 Олимпиадасында 48 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алған.