Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барды. Сарапшылар бұл сапардың астарында не жатқанын сарапқа салды, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Energy Monitor қоғамдық қорының директоры, сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, бұл - Кремльдің Қазақстанның қазіргі билігіне жасаған қысымы.
"Алдағы 1–2 аптада Қазақстан АЭС-ке қатысты вендорды анықтауға тиіс. Бұған дейін басты үміткер "РосАтом" болған, бірақ оның қаржыландыру мәселесінде қиындықтар бар. Ал Қазақстан АЭС-тің қаржыландырылуына республикалық бюджеттен, БЖЗҚ немесе Ұлттық қордан қаражат бөлінбейтінін мәлімдеді", - дейді маман.
Сарапшының сөзінше, Ресей үш жаңа көмір электр станциясын қаржыландыруға тиіс болатын, екі жылға жуық уақыт өтсе де, әлі тыныштық.
"Осы жобалар үшін мемлекетаралық келісім жобасы дайындалған еді, бірақ бұл жерде де қаржыландыру мәселелері туындады. Ресей Екібастұз ГРЭС-3-ті кеңейтуге қатысуы керек еді. Біздің тарап не істеді? Ашық тендер жариялады. Ресей тарапынан ұсыныс болмады, сол себепті тендер өтпей қалды.
Қазіргі қатаң ұстаным Кремльге ұнамай отыр. Әйтпесе басқаша қалай түсіндіруге болады?Жеке пікірім: АЭС-ті қытайлар салады. Иә, РосАтом арзан болуы мүмкін, бірақ санкциялық мәселелер үлкен күмән тудырады", - деді ол.
Айта кетейік, Путин мен Назарбаевтың кездесуінің нақты қандай мәселе бойынша өткені әзірге хабарланған жоқ.
Олар бұған дейін 2024 жылы желтоқсанда Мәскеу түбіндегі Ново-Огарёвода жүздескен болатын.