Назарбаевтың Мәскеуге сапары: Әшімбаев пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 26 мау. 2025 16:44

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге жасаған сапарына қатысты Сенат дәлізінде түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, бұл сапар ресми мәртебеге ие емес және жеке сипатта өткен.

"Экс-президенттер өзге елдердің саясаткерлерімен кездесуге құқылы. Бұл жеке шаралар шеңберінде өтті", – деді Әшімбаев.

Сондай-ақ, ол мұндай жеке кездесулерге үлкен мән бермеуге шақырды.

"Қазақстанның мемлекеттік және сыртқы саясатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқындайды және жүзеге асырады", – деп түйіндеді Сенат спикері.

Жуырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапарынан кейін қоғамда түрлі алып-қашпа әңгімелер тағы да желдей есті. Бұған дейін депутат Ринат Зайыт бұл тақырып турасында пікір білдірді.

"Бізде бәрі мүмкін негізінде (2029 жылы Назарбаев өз кандидатурасын әкелуі мүмкін бе деген сауалға - еск.). Оны қолдап отырған топ аз емес, мойындау керек, жасырмау керек. Қарапайым халықтың ішінен айтып отырмын. Бір рет мешітке де кіріп шықты ғой. Қай жерге апарсаң да ешкім бетіне шығып, "сен, халықты тонадың" деп айтпайды. Керісінше біздің қазақ "бата беріңіз" деп айтады. Сосын үйіне барып, "анау оңбаған бізді тонады" деп айтады. 2029-да келе ме, мен таңғалмаймын, бізде Қазақстанда бәрі мүмкін. Мүмкін емес деуге болмайды", - деді ол.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар