ҚР Ішкі істер министрлігі "Алтын орда" базарының бұрынғы жетекшілері, Болат Назарбаевтың серіктестеріне іздеу жариялады. Олар - 41 жастағы Қанат Алмабек пен 43 жастағы Данияр Әбдіғаппаров, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кейбір БАҚ бұл екі адамды Болат Назарбаевқа тиесілі болған "Алтын орда" базарымен байланыстырады, деп жазады kursiv.kz.
Ресми деректерге сүйенсек, Қанат Алмабек – "Ush Qonyr City" ЖШС құрылтайшысы деп көрсетілген. Компания жылжымайтын мүліктерді басқарумен және оларды жалға берумен айналысады. Ал Данияр Әбдіғаппаров – "Altyn Orda Qaztrade Ltd" ЖШС құрылтайшысы және директоры. Ол да жылжымайтын мүлікті жалға беру саласында жұмыс істейді.
Алматыдағы ең ірі базардың бірі "Алтын Орда" "KURYLYS LTD" ЖШС меншігінде болған. Бұл компанияны 2013 жылы наурыз бен 2022 жыл сәуір аралығында Болат Назарбаев басқарған. 2022 жылы құрылтайшысы ауысып, Данияр Әлпиев пен "Компания номер один" ЖШС болды.
Сол кезде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Қаржылық мониторинг агенттігі "Алтын ордa" базарын иелену үшін тергеу жүргізіп, базарды бақылауына алғанын айтқан еді.