Барселонаның Les Tres Torres дейтін бақуатты ауданына ақша құйған клан осыдан төрт жыл бұрын фундаментін қалаған құпия клиниканы ақыры салып бітіпті.
Dala Inside арнасына жеткен мәлімет бойынша Mediker клиникасы жасы жер ортасынан ауған олигархтарды және ескі Қазақстанның өкілдерін жасартумен айналысады. Медицина тілімен айтқанда, сүйектің жасушаларынан жаңа клетка жасап (регенерация) шығарады.
Әзір орталықтың жұмысын дөңгелетіп әкететін білгір-ділгір дәрігерге іздеу жүріп жатыр. Назарбаевтың ақ батасын алғаннан кейін клиника клиент қабылдай бастайды.
Әлбетте, әулет мүшелері соңынан сөз ергенін қаламайды. Олар жобадағы есім-сойын жасырын ұстайды.
Осы схемадағы негізгі фигураның бірі – Жанболат Сәрсенов. Жобаның басы-қасында жүрген Сәрсенов мұнай саласының магнаты. KazEnergy қауымдастығында Құлыбаевтың орынбасары боп отыр.
Бұған қоса ҚазАтом-ға қарасты уран игерумен айналысатын Ortalyk компаниясының иесі. Жәкеңнің теміржол саласында да "долясы" бар. Тимурдың тұсында "Атамекенде" отырды. Палатаның медкомитетін басқарды...
Каталонияның кіл байлар тұратын Лорет-де Мар қалашығында Сәрсеновпен аффирленген Dinara.kz құрылыс фирмасы, Sabro Properti жылжымайтын мүлік агенттігі тіркелген. Бұлардың бәрі де әлгі құпия клиникамен ым-жымдас деп болжауға болады. Орталықтың бас кеңсесі осы арада орналасқан.
Dala Inside арнасына белгілі болғандай клиниканың құрылысына 5 млрд теңге жұмсалған.
Шетел асқан ақшаны іздеуге көшкен Жаңа Қазақстанға құлаққағыс: емханаға жұмсалған ақшаның адал жолмен келгеніне күмән көп.
Клиниканың клиенттері де осал емесі айдай анық. Ескі Қазақстанмен ауыз жаласқан олигархтар, кланға адал болуға ант берген бизнесмендер ендігіде осы жерде емделеді. Жасарады. Жақсарады. Люкс сападағы медицина сіз бен біз секілді қарапайым қазақты маңына да жуытпайды.
Испан басылымдары Барселона билігінің клиника қоныс тепкен 2000 шаршы метрді сөзге келмей сата салғанына аң-таң. Әдетте мұндай учаскілерді тұрғындардың игілігіне жарататын әкімдік аукционға қатысудан бас тартқан.
Ал Назарбаевтың ет жақындары Каталонияға бауыр басып қалды. Ескі жүйенің өкілдері өңірдің Франциямен шектесетін Жирона қаласында өмірден ләззат алуда.
Осы қаладағы Коста-брава жағажайы "тұңғыштың" күйеубаласы Тимур Құлыбаевтың сүйікті мекені. Бұған таяқ тастам жердегі С'Агаро курортында Тимурдың әкесі Асқардың "дачасы" бар.
Клан өкілдері көп уақытын Каталонияның гольф алаңдарында өткізеді. Ал сіз бен біздің өмір бұларды қарғап-сілеумен білінбей өтіп жатыр...
Dala Inside арнасы бұл туралы әлі де айтады. Арнаға тіркелуді ұмытпаңыз👇
https://t.me/dalainside