"Назарбаев - қуыс кеуде". Журналист экс-президент қандай шансты жіберіп алғанын айтты

Сағыныш Сардарова 23 ақп. 2024 10:58 20797

Белгілі журналист, танымал жобалардың авторы Санжар Керімбай Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында экс-президент Назарбаевты қуыс кеуде деп атады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Назарбаев бір кезде халық үшін идеал тұлға болып көрінген. Алайда кейін ол бастапқы бағытынан тайқыған.

"Халық 90-шы жылғы дағдарыстан есеңгіреп, аштан өліп қала жаздап, зорға шыққан кезінде, шынымен де,

Назарбаев инвестиция тартып, халықты гүлдендіріп, теңге шығып жатқан кезде сұмдық реформатор сияқты көрініп, адамдарға қатты әсер етті.

Оның харизмасы, адамды сендіріп сөйлейтінін, түр сымбатының да сымбатты болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Адамдарға қатты үміт сыйлағаны, халық "мынау бізді өрге сүйрейді" деп, тіпті оның қасында жүрген серіктері оған қатты үміт артқаны - бәрі рас қой. 2005 жылы билікті қолына түсіріп алғаннан кейін "мынау басқа бағытқа кете бастады, тоқтатайық" деп, "елдің көзін ашамыз" деп майданға қорықпай шыққан ержүрек батырлардың үш-төртеуі өліп кетті", - дейді Керімбай.

Журналист Назарбаевтың "қуыс кеуде болуы" балалық шағынан басталған деген пікірде.

"Солай деп айтуға болады (қуыс кеуде деп - еск.). Балалық шағы жайлы жазған кітаптарын оқыдым ғой. Әсіресе, кішкентай кезіндегі кітаптарын оқитын болсаңыз, Маңғыстаудың, Қызылорданың, Жамбыл облысының, Жезқазғанның жігіттері сияқты қазақы ауылда, кілең қазақтың арасында Арқаның әнін тыңдап өспеген кісі екені көрініп тұр. "Біздің ауылымыз интернационалды ауыл, 99 ұлттың балаларымен араласатын едік" деп баяғы кеңестік менталитетпен, мақтанышпен жазған. Бұл мақтанып айтатын нәрсе емес. Сондықтан кішкентай кезінде ұлттық тәрбие бойына сіңгені көрінбейді.

...8-сыныбынан бастап Украинаға кетіп, орыстардың арасында өскен адамның қалыптасуы кезеңі солай болғаннан кейін ескі таныстарына қарап, бүйрегі бұрып тұрады.

Мен бұл кісімен жұмыс істескен адамдармен сөйлесіп көрдім. Сонда "бұл кісінің ұлттық мемлекет құруға ешқандай да бір ниеті жоқ" деп айтатын.

30 жыл қолында телегей теңіз билік тұрған кезінде ұлттық мемлекет құра алмады, шансты пайдалана алмады. Құр босқа қазақ мәдениетін, әдебиетін талқандап, бел омыртқасын үзіп жіберді", - дейді ол.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар