Назарбаев қазақ кәсіпкерлерінен қорқып, өндірістерді келімсектерге берді – депутат Сайыров

Қаракөз Амантай 20 мау. 2025 11:46

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Қазақстанның стратегиялық ресурстары шетелдік олигархтардың емес, отандық кәсіпкерлердің қолында болуы тиіс деген пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сайыровтың айтуынша, Машкевич кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке олигархы болған. Ол Қазақстан экономикасының стратегиялық бағыттарын ұзақ жылдар бойы иемденіп, одан байлық жинап, елімізге ешқандай пайда әкелмеген.

“Жақында Назарбаевтың жеке олигархы болған Машкевич дүниеден өтті. Тоқсаныншы жылдардың басында Назарбаев Қазақстанның стратегиялық ресурстарын бақылап отыру үшін шеттен келген келімсектерге бабаларымыз салған зауыт-фабрикаларды тегін үлестіріп берді. Себебі сол кезеңде қазақтар осындай ірі өндірістерге ие болса, ертең билікке саяси бәсекелес болып шығуы мүмкін деген үрей болған”, — дейді депутат.

Сайыровтың пайымынша, дәл осындай саясаттың салдарынан елдің байлығы шетелдіктердің уысында кеткен.

“Ал Машкевич болса, осы отыз жылдың ішінде қазақтың жерінде емін-еркін жүрді, шалқып өмір сүрді, ішті-жеді. Біздің жеріміздегі стратегиялық ресурстарды сатып, байыды. Бірақ тапқан байлығын елге емес, түгелдей дерлік шетелге шығарып отырды. Қазақстанға шынайы пайда әкелді деп айтуға келмейді”, — деп ашынды депутат.

Ол Қазақстан экономикасының негізгі тіректері мемлекеттің бақылауында болып, оларды отандық кәсіпкерлерге беру керек деген көзқарас білдірді.

“Қазақстанның стратегиялық ресурстары — жер қойнауы, металл, мұнай. Біздің мемлекетіміздің экономикасының стратегиялық ресурстарының барлығын ұлттық буржуазияға, яғни өзіміздің қаракөздерімізге беруіміз керек”, — дейді Ерлан Сайыров.

Депутат бұл тәжірибеде Азия елдерінен үлгі алуға шақырды.

“Оңтүстік Корея, Малайзия, Индонезия, Жапония секілді мемлекеттерде стратегиялық маңызды салалар тек сол елдің азаматтарының қолында. Жергілікті халық иеленіп, мемлекетіне қызмет етіп отыр. Дәл осы тәжірибені бізге де қолдану қажет”, — деп қосты ол.

Сайыров сөзін қорытындылай келе, Қазақстанға пайда әкелетін жалғыз күш жергілікті қазақ халқы екенін баса айтты.

“Біздің Қазақстанға қазақтан басқа көмектесетін ешкім жоқ”, — деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, 22 наурызда белгілі кәсіпкер және Eurasian Resources Group (ERG) негізін қалаушылардың бірі Александр Машкевич 72 жасында өмірден өтті.

ERG баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның қайтыс болуына ұзаққа созылған сырқат себеп болған

“Ол 2014 жылдан 2024 жылға дейін ERG Директорлар кеңесінің төрағасы болды. Сондай-ақ, Машкевич ұзақ жылдар бойы “Еуразиялық банк” АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды”, – деп хабарлады компаниялар тобының баспасөз қызметі әлеуметтік желілерде.

Айта кетейік, белгілі кәсіпкер ERG-ті Патох Шодиев, Ибрагимовтар отбасы және Қазақстан үкіметімен бірлесе басқарып, компанияның дамуына елеулі үлес қосты. ERG құрамына ТНК “Қазхром”, Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі, “Алюминий Қазақстан”, Қазақстан электролиз зауыты секілді ірі өндірістік кәсіпорындар кіреді.

Сонымен қатар Машкевич Шодиев және Ибрагимовтармен бірге «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ, «Еуразиялық өнеркәсіп компаниясы» АҚ және «Еуразиялық өндірістік компаниясы» ЖШС-нің тең иесі болды. Ол Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан ат спорты федерациясының құрметті президенті ретінде де танымал еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар