Назарбаев мемлекет ісіне араласа ма? - Қошанов жауап қатты

Dalanews 28 жел. 2023 05:57 1300



Парламенттің төменгі палатасының төрағасы Ерлан Қошанов "Қазақстанда қос билік жоқ" деп мәлімдеді. Қошанов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырдағы Мәскеуге сапары мен кейінгі кезде жұрт алдында жиі көріне бастауына пікірін айтты.





"Халықтың алаңдауына негіз жоқ. Бүгінгі күні қос билік жоқ. Ол болуы да мүмкін емес. Бүгінгі күні барлық шешімді халық сайлаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі қабылдап отыр. Ал экс-президент қазір мемлекет ісіне араласпайды. Екіншіден, оның кездесулері немесе өткізіп жатқан іс-шаралары, жол сапарлары оның барлығы жеке азамат ретінде өзінің құқығын пайдаланып жүрген іс-шаралар мен кездесулер" деді Қошанов.

Мәжіліс төрағасы сонымен бірге "экс-президент Қазақстанның мемлекеттік әнұранының авторлары қатарынан алына ма?" деген сұраққа да жауап берді.

"Ондай заң бізге түскен жоқ... Мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ" деді Қошанов.

Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурызда отставкаға кетіп, өзінің орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Назарбаев 2022 жылдың қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы сияқты маңызды қызметтерде отырды. Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде елде қос билік барын жоққа шығарған.

Жуырда экс-президент Назарбаев "Астана клубы" отырысын өткізіп, Мәскеуге барып, Ресей басшысы Владимир Путинмен жеке кездескен.

DALA INSIDE телеграм арнасының хабарлағанындай Әбішұлы атышулы мемуарын алдыға салып барған. "Менің өмірім" дейтін ғұмырнамалық еңбегінде экс-президент Путиннің мақтауын асырып, астына көпшік төсеген-ді.

"Назарбаевтың Кремль көсеміне көзбе-көз айтар жеке бұйымтайы бар. Тәуелсіздік күні Мәскеуге ұшып кеткен "тұңғыштың" әрекетінен-ақ, оның ұлық мерекеге атүсті қарайтынын аңғаруға болады. Кремльден ұзап шықпайтын Путиннің Әбішұлын шамалы күте тұруға шыдамы жетер еді. Демек, зейнеткердің жүрегі тыныш емес. Әлденеге алабұртып жүр. Тәуелсіздік мерекесін тәрк етіп, Мәскеуге аттанып кеткен Нұрекеңнің бұл кетісі тегін емес деп топшылауға болады", - дейді DALA INSIDE. 


Айтқандай, Адамды дауысынан тану технологиясымен айналысатын Speech Craft Analytics негізін қалаған маман Дэвид Поуп Владимир Путиннің осы аптада Орыс халық кеңесінде сөйлеген сөзі мен биыл мамырдағы Жеңіс күніндегі сөзінің аудиоларын 10 функция бойынша тексеріп, екі шарада екі түрлі адамның сөйлегенін анықтаған.

"Әр адамның саусақ іздері сияқты, дауыс тембрінде де ешкім қайталай алмайтын бірегей ерекшеліктері болады" , -  дейді, Дэвид Поуп.

Толығырақ осы жерде: https://t.me/dalainside/1603



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар