Назарбаев жүйесінің түбіне жеткен тұлға  

Dalanews 11 қаң. 2023 04:33 1489

Кейбір шенеунік бір қызметте аз уақыт жұмыс істесе де, өнімділік байқалады. Ал енді сол орында ұзақ жыл мызғымай отырса да, нәтиже көрсетпейтіндер де жетерлік. Бізде соңғы топқа жататындар көп сияқты.

Жақында «Астана» халықаралық қаржы орталығын 2015 жылдан бері басқарып келген Қайрат Келімбетов лауазымынан босатылды. Саяси аренадан өзін саяқ ұстайтын Келімбетов осы қызметте жүріп, мемлекет үшін не бітірді? Еліміздің экономикасы мен қаржылық әлеуетін көтеруге және бизнес субьектілерінің дамуына серпін беретін қаржы орталығының жұмысын дөңгелете алды ма? Тіпті, бір жыл бұрын болған Қаңтар қырғыны алдында әлеуметтің мұң-мұқтажын ескеріп, тығырықтан шығатын жоба ұсынды ма? Шын мәнінде, қаңтардағы халық наразылығынан кейін ұсталып жатқан тұлғалар мен оппозиционерлермен салыстырғанда Келімбетовтің де едәуір қатысы бар.

Біріншіден, Келімбетов «сен тимесең мен тиме, бадырақ көз» саясатын ұстанып, өзінің оң жамбасына келетін бағдарламалары арқылы әбден былыққа батқан жүйенің ең жақсы жылдарын сәтті пайдаланды.

Ол ол ма, сол тұстағы ел тізгінін ұстаған үкіметтің күші мен қаржысын желге ұшырды. Оның бұл әрекетіне қатысты экономист Қанат Берентаевтың пікірі мынадай.

 «Ұлттық қордан қаржы бөлінген серпінді жобалардан еш нәтиже болмайды. Оның үстіне Қайраттың тікелей, тіпті жанама қатысы бар бірде бір бағдарлама жұмыс істемейді» деген болатын.  


Оған жүктелген бағдарламаларды еске алып көрсеңіз, осы пікірмен сөзсіз келісесіз. «Мәселен, әкімшілік реформа, «30 корпоративтік көшбасшы», экономиканың кластерлік моделі – бұлардың ешқайсысы толық орындалған жоқ. Шын мәнінде, бұл бағдарламалар үлкен пиар болды», – деген экономист.

Екіншіден, оның қатысуымен Қазақстан тарихындағы «режимнің» қаржылық жағдайына ұзақ уақыт нұқсан келтірген ең ірі операция жасалды.

Естеріңізге сала кетейін, 2008 жылдың 13 қазанында «Дағдарысқа қарсы әзірленген бағдарламаларға» Ұлттық қордан 10 миллиард АҚШ долларын бөлу туралы шешім қабылданды. Оның 4 миллиард доллары «қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге» көзделді.

2009 жылы Қайрат Келімбетов басқарған «Самұрық-Қазына» қоры осы 4 миллиард долларға ірі банктердің (БТА, Қазком, Халық және Альянс)  акциясын одан әрі капиталдандыру мақсатында сатып алды. Бұл ретте дағдарыстан кейін банктер мемлекет салған ақшаны қайтарып беретіндігі де қарастырылған.

Алайда, 2013 жылдың 23 қаңтарында сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев: «2008 жылы дағдарысқа бөлінген 10 миллиард АҚШ долларының жұмысы әлі көрінген жоқ, ақша құрдымға кетті, қайтарым жоқ» деген мәлімдеме жасады.


Бірақ кейін Назарбаевтың сеніміне кіріп алған тағы бір «төңкерісші» Кәрім Мәсімов пен Келімбетовтің өзі оның бұл пікірін өзгертуге күш салып, ақшаны қайтару түк қиын еместігіне сендіріп бақты. Шын мәнінде, банктер қанша ақшаны қайтарғаны туралы жеке басымда толыққанды анық мәлімет жоқ.

Алайда, ең сорақысы бұл кредиторлар алдында 13 миллиард доллар көлемінде қарызы бар БТА банкімен бірлесіп жасалды. Яғни, бұл теріс капиталы бар банк ретінде көрінді. Бірақ дәл осы капитал бүлікші банкир Мұхтар Әблязовтен  қайта тартып алынды. Бұл жерде әңгіме ешқандай актив жайында емес, Morgan Stanley мен басқа да салмақты кредиторлар алдында жауап беруге мәжбүр еткен қомақты қарыз туралы екенін түсіну керек.

Ал БТА Мұхтар Әблязов үшін мемлекет жауап берді. Салдарынан қаншама мектеп пен аурухана салынбады, қаншама жұмыс орны ашылмады. Мұның шынайы бет-бейнесін қаңтар қырғыны ашып бергені нақты факт.

Соңғысы, яғни үшіншіден, АХҚО-ның құрылуы KASE-нің дамуына талай жылын арнаған Григорий Марченко, Әбен Бектасов, Азамат Жолдасбеков, Андрей Цалюк, Алина Алдамберген, Евгений Мұхамеджанов және басқа да көптеген кәсіби мамандардың жұмысына ғана емес, сонымен қатар, тұтастай алғанда, Қазақстандағы қор нарығының жүйелік құрылысына шектеу қойды.

Яғни, мемлекетттің экономикалық жүйесі дұрыс жолға қойылып, қалыптаспағанының кесірінен әлі күнге түрлі қитұрқысы басым банк секторына біржақты тәуелді болып келеді.

Ендеше, Қайрат Келімбетовтің көп жылдан бері «режимге» қарсы тұрудағы сіңірген еңбегін бағаламау мүмкін емес. Ол осындай «күрескерлігі» үшін «ескі Қазақстанның» тарихында қалады деп сенемін.

Ескендер БЕЙСЕМБЕТОВ, экономист


 

Айтпақшы, Тұран одағын құруға түрткі болатын маңызды қадам жасалды. Өзбек автопромы орыстың қаңсығын Қазақстан нарығынан тықсырып шығармақ. Оқу үшін суреттің үстінен басыңыз немесе мына сілтемеге өтіңіз: Dalainside

 



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар