Назарбаев «елде демократия жоқ» дейтіндерге нақты жауап берді

Dalanews 25 қар. 2020 11:08 849

Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезінде «елде демократия жоқ» деп сынайтын азаматтарға жауап берді деп хабарлайды Dalanews.kz Holanews.kz-ке сілтеп.

«Мысалы, бізді кейде сынайды. Біздің демократиямыз Батыстағыдай, Америка, Германия, Франциядағыдай бола қалу керек екен. Біз соған қарай жүріп келеміз. Бірақ ол үшін экономиканың 60-70 проценті жеке меншікте болуы керек. Америка экономикасының 90%-і жеке меншіктің қолында, ол жерде мемлекет жоқ, Германияда 80%-і – шағын және орта бизнестің қолында. Ал бізде небәрі 25-30 процент.

Экономиканың 60-70 проценті  бизнестің қолында болса, ол адамдардың өз үйі, жұмысы, бизнесі, активі болса, ол соны қорғағысы келеді. Сол активті қорғайтын мемлекет болса екен дейді»,  — деді Елбасы кезектен тыс съезде.

«Біз азат, нарықтық экономикасы бар, демократияны дамыту бағытын ұстанған мемлекет құрғанымызды мақтан етеміз. Бірақ, әр нәрсенің өз уақыты бар. Біз үшін демократия жолдың соңы емес, басы. Біз соған қарай бет алдық, деп түйіндеді Елбасы.

Ол Nur Otan партиясы бүгінде өз уәдесінде тұра алатын, елдегі мықты көшбасшыларды топтастырған саяси ұйым екенін атап өтті.

«Басқа партиялар да бар, әлі де болар. Оған ешкімнің қарсылығы жоқ, қоғам солай, уақыт солай. Бірақ, сол партиялардың барлығы нақты ұсыныс жасап, елге жақсылық жасаса екен дейміз. Тек қана сынап, көшеге шығып, айғайлап, одан не шығады? Қанша айғайласа да, көшеге шықса да, түбінде, жаңағы көпбалалы аналар, жағдайы жоқ кісілер кімге келеді? Үкіметке келеді. Бәрін шешетін мемлекет, үкімет», — деді Елбасы. 


Назарбаев қазақстандықтарды «дау-дамай шығармай, айғай-шусыз, депутат болып, партия қатарына қосылып, өз партиясымен парламентке өтіп, мәселелерін сол жерде көтеруге» шақырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар