Найманмен құда болудан қорықпаңыздар

Dalanews 14 там. 2017 05:12 2858

Фейсбукты бір шолып шығайын деп компьютерімді қосып, кіріп қарасам бір сіңіліміз: «Найманнан келін алмақшымын, не болар екен? Ұлымның ұнатып тұрған қызы найман екен. Наймандармен араласып көрмеп едім» деп бір танысым сұрап жатыр екен. Құдды бір келінді Қазақтаннан емес, мұхиттың арғы жағындағы Америкадан алатындай...



Айдананың жазғанына қарағанда әлгі сұрап жатқан адамының бойында да, ойында да керемет бір қорқыныш бар сияқты. Оқып отырып, ойыма бір анекдот түсіп кетті.

Оңтүстікте бір апамыздың қызы күйеуге кетіп, екінші бір көрші апамыз әлгі үйге «құтты болсын!» айтып барыпты. Сөйтсе, апамыз «Ойымдағыдай жерге бармадың-ау, масқара болдым-ау!» деп қуанудың орнына кеткен қызға деген өкпесі қара қазандай болып жылап отыр екен.

Сасып қалған көршісі: «Ойбай-ай, қызың немене орысқа тиді ме?» дейді ғой. Сонда апамыз көзінің жасын бір сығып алып: «Орысқа тисе, арман не? Найманға кетті ғой, найманға!» деген екен.

Бұл әрине біреулердің ойнап айтқан әзіл әңгімесі ғой. Бірақ, ойын болса да ар жағында шындықтың құлағы қылтиады. Күнделікті өмірде адамдарды ру-руға, жер-жерге бөлініп: «Анау – анандай, мынау – мынандай» деп, бір-бірін жамандап, өзін көтеріп, өзгені төмендетіп жатқанын көп кездестіремін. Сондай шолақ ойларды оқыған сайын, кейбіреулердің өресінің төмендеу екенін көрген сайын біртүрлі көңілім бұзылып, жаным ауырады.
Айтыңдаршы, ағайын, неге бөлінеміз? Ұлы Абайдың өзі «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос» деген жоқ па?

Осы Фейсбуктың өзінде: «Біз аналардан артықпыз, мыналардан жоғарымыз!» деп елге-жерге, қалаға бөлінеміз. Одан қалса жүзге, сосын руға бөлінеміз. Сосын барып, өзімізді өзіміз дәріптеп, өзгеден артық санаймыз.

Әлеуметтік желіден наймандар туралы көп оқимын. Біреулер наймандарды мақтап, бағасын аспандатып жатасе, енді біреулер «Найман деген ондай, найман деген сондай» деп, көзбен көріп, қолмен ұстағандай етіп, адамның ақылына сыймайтын бірдеңелерді жазып отырады.

Басқасын айтпай-ақ қояйын, оған бүгінгі посттың астына жазылған коментарийлердің өзі дәлел. Біреулер мақтап, екіншілері жақтап, енді біреулер даттап жазыпты.
Сонда деймін-ау, бүкіл қазақ бір бөлек те, наймандар – бір бөлек пе? «Үш жүзден тұратын қазақ руға бөлінбеген, рудан құралған» деп жатамыз. Найман да – орта жүздің бір руы. Ақыны елін жырлаған, батыры жаудан жерін қорғаған, ешкімнен артық та емес, кем де емес кәдімгі көп рудың бірі.

Ал енді сол руда тұрған не бар, ағайын? Шыққан жүзіне, руына емес адамның адамгершілігіне қарау керек деп ойлаймын.

Біз ұлы Абай, ғұлама Шәкәрім, дана Мұхтарларды дүниеге әкелген киелі өңірде тұрамыз. Осы Абай ауданының (ШҚО) үштен бірі – наймандар. Осы күнге дейін сол наймандар біреудің басын жарып, көзін шығарыпты дегенді естіген жоқпын.

Мен танитын наймандардың бәрі де оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу, елі мен жерін қалытқысыз сүйетін, тілі мен дінін қастерлей білетін, ары мен адамгершілгін бәрінен жоғары қоятын абзал жандар. Ел басқарып, білікті басшы атанып, көш бастап отырғандары қаншама?

Сондықтан ағайындар, найманмен құда болудан қорықпаңыздар! Олар да сіздер сияқты ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отыр. Бұл неге найманның сөзін сөйлеп отыр демеңіздер. Мен тек өз ойымды айтып жатырмын. Ал өзім найман емеспін. Қарағанды облысындағы Тоқырауын бойын жайлаған Дадан Тобықтының қызымын.

Айжан Имантаева

(Жазба автордың Фейсбуктағы парақшасынан алынды)

 

 

 

 

https://dalanews.kz/14683

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар