Наурыздағы ҰБТ: 130 талапкер тесттен шеттетілген

Сағыныш Сардарова 09 сәу. 2026 10:13

2026 жылғы наурыз ҰБТ-дан 179 мыңға жуық адам өтті. Талапкерлердің 75%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 157 адам ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Талапкерлердің 70%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл - 66 балл. Ең жоғары нәтиже – 140 балл.

Атырау облысының түлегі Жазира Кеңесова төрт пән бойынша 90 балл жинады. Сонымен қатар, ҚАЗТЕСТ сертификатын пайдаланып, "Қазақ тілі" пәні бойынша балдарын конвертациялады. Осылайша, жалпы нәтижесі - 140 балл.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беруге құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Бұл жолы 31 мыңнан аса өтініш қабылданып, олардың ішінде 17 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді.  

Тестке қатысушылардың басым бөлігі "Математика-Физика" комбинацияларын таңдаған, яғни 18,7%-ы тапсырды. "Биология-Химия" пәндерін 16,5%-ы таңдаған. Сондай-ақ, топ-3 қатарына талапкерлердің 10,3%-ы таңдаған "Шығармашылық емтихан" комбинациясы кірді. 

ҰБТ-ны өткізу барысында 264 ережебұзушылық анықталған. 130 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 134 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove