Наурыз мерекесі қарсаңында Түркістан қаласына келушілер саны көбейді. Биыл Түркі әлемінің астанасы атанған киелі шаһарға 17-24 наурыз аралығында келетін туристер саны 20 мыңнан асады деп жоспарлануда. Бұл 7 тәулікке жасалған алдын ала мәліметке негізделген.
Түркістан қаласында нөмірлік қоры 1240 бөлмені құрайтын 59 орналастыру орны жұмыс істейді.

Түркістан қаласының әуежайынан бір аптада 34 әуе рейсі орындалмақ. Оның 10 рейсі – халықаралық. Барлық әуе рейсінің жолаушылар саны 3881 адамды құрайды. Ішкі – 2733, халықаралық – 1148. Әуе рейстері 85%-ға толады.

Айта кетейік, 21 наурыз күні сағат 12:00-18:00 аралығында «Жеңіс» саябағында «Нұр жауғызған әз Наурыз» шарасы өтеді. Онда театрландырылған қойылымдар, мерекелік концерттер, спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

22 наурызда сағат 11:00-де Ұлыстың ұлы күніне орай «Керуен сарай» кешенінде «Армысың, әз Наурыз!» мерекелік салтанатты іс-шара өтеді. Іс-шара аясында театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесі, ұлттық тағамдардың көрмесі, ұлттық спорттық ойындар сайысы ұйымдастырылады.
