Нарынқолда 40-тан астам үй беріліп, бірнеше ғимарат іске қосылды

Dalanews 21 қар. 2020 09:45 1198

Алматы облысы Нарынқол ауылында бүгін 40-тан астам тұрғын үй берілді. Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» жəне аудандық прокуратура ғимараттары іске қосылды. Бұл игілікті шаралар облыс əкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өтті, - деп хабарлайды Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі.

Алматы облысы әкімі Амандық Баталов Райымбек ауданына барған сапарын алдымен нарынқолдықтарға тұрғын үйдің кілтін беру қуанышынан бастады. Бұл 33 үй – Нарынқолда салынып жатқан 83 коммуналдық үйдің 1, 2 кезеңі бойынша құрылысы аяқталған баспаналар.

Қоныс той қуанышына кенелгендер арасында көп балалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектер, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. Тұрғын үйлердің жалпы алаңы 3242 шаршы метр. Құрылысын «Фуд МС» ЖШС жүргізген.

Жаңа үйдің кілтін салтанатты жағдайда табыстаған облыс əкімі баспаналы болған ауыл тұрғындарын құттықтап, Нарынқол өңіріне жасалып жатқан мемлекеттік қолдаулар жəне алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар туралы қысқаша айтып берді. Сол сияқты ауданның бұрынғы басшысы Жолан Омаровтың еңбегін де еске алды.

– Шекараның шебінде, облыстың шетінде қайта шаңырақ көтерген Райымбек ауданының жаңарып, көркейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен қайта құрылғаннан бері аудандағы халық саны өсіп, 40 мыңға жуықтады. Соның ішінде екі мыңнан аса адам туған жеріне қайта оралды. Ауданның дамуына, инфрақұрылымын қалпына келтіруге бюджеттен 17,9 млрд теңге қаржы жұмсалды. Жолдары жасалып, көшелеріне асфальт төселіп, жаңа ғимараттар салынды. Басқа да игіліктердің барлығы жасалуда. Соның ішінде бірінші кезекте, ауданға жұмыс істеуге келген қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешіп келеміз. Бүгін, міне, салынып жатқан 83 коммуналдық тұрғын үйдің 33-ін қолданысқа беріп отырмыз. Қоныстарыңыз құтты болсын! – деді А. Баталов.


Нарынқолдық ардагерлер атынан Медетхан Абиров сөз алып:

– 21 жылдан кейін ауданымыз қайта түледі, көсегеміз көгерді, өшкеніміз жанды. Ауданға республикадан да, облыстан да қыруар қаржы бөліп, қарқынды жұмыс жасалып жатыр. Осы жақсылықтың бәрінің игілігін халық көріп отыр, – дей келе, ел ағаларының атына шынайы алғысын жеткізді.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар