Байырғы түсінік бойынша, зиялы қауымның қызметі әрқилы, оларға артылар міндет те түрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты өзгеріп отырғанын бағамдаймыз. Әлеуметтік топ ретінде зиялы қауымның бүгінгі ішкі құрылымы мен белгілері толық анықталып бітті деп кесіп айтуға келмейді. Тіптен, зиялы қауымның қандай да бір әлеуметтік топқа жатар-жатпайтынының өзі даулы мәселеге айналып тұр. Жалпы, біз білген деректе зиялы қауымның негізгі төрт өлшемін тайға таңба басқандай анықтап көрсетеді: 1. Білімділік, 2. Ұят, 3. Кішіпейілділік, 4. Халықты сүю. Ал біздің бүгінгі қоғам зиялы қауымға қандай өлшеммен қарайды? «Желқазық» айдарымыздың бүгінгі тақырыбы осы сұраққа жауап іздейді.
Нұрлан КЕНЖЕАХМЕТ,
тарих ғылымының докторы,
Германиядағы Бонн университеті
Шығыстану және Азия институтының профессоры
Сіздің зиялылық деген терминіңізді ағылшынша «интеллигенция» деп түсініп отырмын. Немесе қазақы тілмен айтқанда, «білімділер қауымы». Қазіргі тұста зиялылықтың өлшемін бұрынғы өлшеммен бекітуге болмайды.
Мұны «сегіз қырлы, бір сырлы» деп түсінген жөн шығар.
Әрине, зиялылық «білімділік, ұят, кішіпейілділік және халықты сүю» ұғымын қамтиды. Меніңше, өз халқыңның тарихын, мәдениетін, тілін, салт-санасын, ұстанымын, ар-намысын жете игеру – зиялылықтың ең басты өлшемі. Әрине, мемлекетіміз аталған тұстарды халықтың санасына сіңіруге көп күш жұмсап отыр. Нәтижесі қалай? Мемлекет күш салғанымен, жеке адам оны саналы түрде жүзеге асырмаса, еңбегің құмға құйған сумен тең болады. Қазақта «алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым» деген сөз бар, яғни барлық жағдайды жасадым деген сөз.
Шыңғыс хан бүкіл кәрі құрылықты бағындырды, мұны оның жеке еңбегі деп бағаламау керек, әрісін айтсақ, мұнда көшпенділердің неше мың жылдық соғыс өнері мен идеологиясы жатыр. Шыңғыс ханды қазақ қып жасау, оның жетістіктерін жалғыз бір ұлтқа телу – тарихи білімсіздік! ХХ ғасыр басына дейін қазақта «төресіз ел болмас, төбесіз жер болмас» деген заң өз күшін жоймады. Мұқан Исахан деген дінтанушы жас ғалым бар, сол жігіт Шыңғыс хан ясасының (қазақша жөн-жосық) Ислам шариғатына ықпалын зерттеп жүр, яғни Шыңғыс хан ясалары Ислам шариғатынан енген дегенді айтады.
Менің Шыңғыс ханды мысал етуім, өз ұлтыңның тарихын білу үшін көшпенділердің арғы-бергі тарихына жетік болуымыз керек дегендік, сонда Шыңғыс ханның тегі кім деп босқа сандалмаймыз.
Тонықұқ (Тоныкөк емес) Қытайдың сол тұстағы Астанасы Чаң-анда (қазіргі Си-ань) білім алған, тарихи деректемелерде хатталған түркілер тарихындағы тұңғыш қытайтанушы. Қытай деректемелерінде оған екі түрлі мінездеме берген: асқан дана және әккі, қу. Ол түркілер үшін асқан дана болды, жауы үшін әккі, қу еді. Ол түркілер өркениетін өркендету үшін көк түркілерге мемлекеттік идеология, дала заңын жасап кетті. Қытай деректемелерінде Түркеш қағанының туған інісі ағасына өкпелеп, Тонықұққа қашып барады және түрік сарбаздарын ертіп Түркеш қағанатына шабуыл жасайды, нәтижесінде ағасы тұтқынға түседі. Түріктер соңында дала заңы бойынша екеуінің де басын алады. Бұл заң сонау ғұн-үйсін заманынан қазақ хандығына дейін жалғасқан. Көшпенділерде өз еліне опасыздық жасағандар басқа елге де қайыры жоқ деген үкім болған. Қазіргі қоғамда көшпенділердің осы дала заңының жұрнағы жоқ, қайта бәрі керісінше болып кеткен. Жоңғар-қазақ қарым-қатынасы туралы зерттеулер мен фильмдерде олқылықтар өте көп. Қатып-семіп қалған көзқарас бойынша адамзат тарихындағы ең соңғы екі көшпелі империяны бір-біріне ата жау қылып көрсетеді. Жоңғар мен қазақтың соғыс әрекеттерінен гөрі бейбіт өмір кешкен тұстары көп. Қазақ пен жоңғарда мемлекеттік құдандалық саясат болған. Қазақ ақсүйектері мен жоңғар ақсүйектері қыз алысып, қыз беріскен.Қазақ даласындағы жоңғарлар қайда кетті? Манчжур шапқыншылығынан кейін қазаққа сіңіп кеткен. Арамыздағы антропологиялық белгілер менмұндалап тұр. Неміс шығыстанушысы Юлиус Клапорттың 1835 жылғы картасында (картадағы мәліметтер 1780 жылдарға тән) қазақ рулары бүгінгі жоңғар жеріне жамырай қоныстанған: садыр, матай, суан, жалайырлар қазіргі орналасуы бойынша Талдықорғанда тұр, семіз наймандар қазіргі Қытайдағы Тарбағатайда шапыраштылар Қорғас маңына орналасқан, таяу заманғы қазақ дастандарындағы деректермен сайма-сай. ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Орта Азияға қатысты ірі уақиғаларды сол кездегі Циң империясы мен Ресей империясы арасында болған келісім шарттармен түсіндіруге дағдыланғанбыз. Іс жүзінде олай емес: Қазақ хандығы мен Циң патшалығы арасында, Ресейдің қатысуынсыз, талай келісім шарт жасалған. Қазіргі Қытайдағы қазақтар отырған өңірлерде Абылай хан тұсында халқымыз көшіп-қонып жүрген. Қазақ тарихындағы халықаралық сипат алатын ірі уақиғаларды, соғыстарды өңірлік уақиғалар немесе рулық соғыс дәрежесіне түсірдік. Абылай хан тұсы – қазақ тарихындағы өте күрделі заман. Сол тұстағы қазақ дастандарында хатталған соғыстардың дені мемлекеттік сипат алған, қазақтың қазіргі территориясының ең соңында қалыптасуына ықпал еткен соғыстар. Рулық-жерлік аймақтан аса алмай, ата-бабаларымыздың тарихи орнын дұрыс бағалай алмай жүрген тұстарымыз өте көп.
Жуырда ғана Димаш Құдайберген Қытайдан жүлделі боп оралды. Ол тек әнімен ғана танылған жоқ, кішіпейілділігі, ұлтжандылығы, әдептілігімен қалың жұртты өзіне тәнті етті, қазақша сөйлеп, қалың қытай халқын сүйсіндірді, қытай оқырмандары арасында Абай жолы эпопеясын оқу науқаны болды. «Димаш туған ел қандай екен» деген қызығушылық туғызды. Қаршадай жас Димаш қытайлар арасында қазақтану дүмпуін қозғады. Бұл – сенсация! Ата-әжесінің қолында ержеткендіктен, қазақылық мінездері менмұндалап тұр. Додаға қатысқан жарым жылда қазақтың дәстүрлі әні мен мәдениетін, домбырасын бүкіл Шығыс Азияға танытты десем, артық емес. Өйткені, додаға тек Қытайдың ғана емес, Тайвань мен Гонгконктың әйгілі әншілері қатысты. Доданы бастан-аяқ көріп отырдым, сахна сыртындағы әншілердің, жүргізушілердің Димашқа берген бағасы өз алдына бір дүние. Елбасы батасын берді, мейірімін төкті. Мұның өзі Елбасымыздың ұлттық құндылықты, мәдениетті жоғары бағалайтындығының бір белгісі, Димаштай болыңдар деген астарлы ойы жатыр Елбасының. Зиялылықтың бір мысалы осы: отансүйгіштік, мәдениет жанашыры және даналық.
Манчжурлік Циң империясын этникалық қытайлар аударып тастаған соң, Қытайдың зиялы қауымы арасында қытайдың дәстүрлі мәдениетінің тағдыры жөнінде зор пікірталас болған. Дүниежүзіне әйгілі, дүниежүзілік қытайтану ғылымының негізін қалаған ғалымы Wang Guowei (этникалық қытай), манчжурлік Циң империясы тарих бетінен жойылғанда, манчжур мемлекетінің тағдырына уайымдап және қытайдың дәстүрлі мәдениеті құрдымға кететін болды деп, өзін суға тастап өлген. Өйткені, ол сол кездегі дүниежүзінің озық идеалдарын өте жетік игерген, манчжурлік патшаларға адал болған. Зиялы қауымның отансүйгіштігінің ең типтік мысалы осы. Отан сол елде өмір сүріп жатқан барлық ұлтқа ортақ. Манчжурлер өз қол астындағы халықтарды өздеріне адал болуы үшін жағдай жасаған. Мемлекеттік құжаттар манчжур тілінде жазылған, одан кейін қажет болса, қытай тіліне аударылған. Ал біздегі жарнамалар, тіпті кейбір мемлекеттік құжаттар алдымен орысша жазылады, одан сон қазақшаға аударылады. Кейбір жарнамалардың аудармасы тіпті күлкілі.
Қазіргі Қазақстан қоғамында зиялылық жағдайы басқаша (Оңтүстік және Батыс облыстарынан сырт), қалада болсын, далада болсын, халықтың көбі қазақылық менталитетпен емес, басқаша менталитетпен ойлайды (орыс менталитеті де емес). Түсініксіз. Осының салдарын 70 жылдық КСРО үстемдігінен көреді, бұған өз басым сенбеймін. Әлеуметтік киноханалардың 99 пайыз тілі – орысша, ал көрермендердің 90 пайызы – қазақтар. Қазақ жүзді азаматтар, қазақша біле тұра, алдымен бір-бірімен орысша сөйлеседі. Егер алдымен қазақша сөйлесең, саған деген мәмілесі дереу өзгереді, «мынау қазақша сөйлеп тұр» деп таң қалады.
Рулық-таныстық жүйе мықтап орнаған бүгінгі қазақ қоғамында бүкіл ғылым саласы, үкімет мекемелері сенің тегіңе қарап мәміле жасайды. Бір рет қазақша теледидар бағдарламаларын шолып шықтым, шамамен он неше арнаның жартысынан көбі бір мезетте ән-күй, ойын-сауық бағдарламаларын беріп жатыр. Бүкіл негізгі арналарды әншілер мен бишілер иемденген. Басқа арналарда Түркияның немесе Үндінің дәм-татусыз сериалдары. Осылардың орнына ғылым-білімді насихаттайтын, халқымыздың тарихын, дінін түсіндіретін бағдарламаларды көрсетсе немесе «National Geographic» секілді шетелдің ғылыми арналарын қазақшаға аударып көрсетсе, нұр үстіне, нұр еді ғой. Үш тілділік саясатты қалың халық жаппай ағылшын тіліне көшу деп түсінген тәрізді, өйткені, Алматыда болсын, Астанада болсын, ағылшын оқулықтарын сататын кітап дүкендері қаптап кеткен, қазақ тілді басылымдардан көп. Араладым, қазақша білмейді, орысша немесе ағылшынша сайрап тұр. Германияда қызымды балалар бақшасына бергенде, балабақша тәрбиешісінің маған бірінші айтқан сөзі: «Үйге барғанда балаңызға қазақша сөйлеңіз, қазақшасын ұмытпасын, басқа тілде тілі шықса, өз ұлтына мейірімсіз болып кетеді», – деген еді. Қазақ қоғамындағы бір-біріне мейірімсіздік – қазақ тілін жетік білмеудің салдары. Шетелде көп жүрдім, елден келген азаматтар болса, іздеп тауып араластым. Бірақ бәріне ортақ бір мінез – бір рет кезіккен соң, келесі ретте араласпай, не хабар-ошарсыз кетеді. Былтыр Ыстамбұл әуежайында ораза ұстаған бір азаматпен кезігіп қалдым. Үлкен адам ауызашарға су алып ішер майда ақшасы жоқ екен, жанындағы кісіден майдалап беріңізші деп өтінді. Мен ол кісіге майда ақша бердім де, ірі ақшасын алмадым. Рамазан айында өзім де сауап жинайын деген ойым болған еді. Алайда, ол кісінің оқыс қылықтары мені таңқалдырды: ләм-мим демей, ақшамды алды, қатулана бір қарап қойды, рахметі жоқ. Суын әкелген соң артылған майда ақшаларымды қолыма ұстата салды, құдды маған өкпелеген адамдай. Түсінсем бұйырмасын, Рамазан айы ғой, қазақ ағамызда не қазақылық, не мұсылмандық пейіл жоқ.
Тоқ етерін айтқанда, қазақ қоғамындағы зиялылықтың өлшемі қазақылық менталитетпен ойлау, болашаққа қазақылық үлгімен қадам басу. Қанша жерден орысша сөйлеп, орысша ойлағанмен, олар бізді отар қамытын киген бейшара ұлт деп таныды. Түркілердің қара шаңырағында отырған қазақтардың қанында негізгі түркілік қаннан басқа, соғды, тохар, араб, қара-қытай, моңғол, жоңғар қандары араласқан. Осылардың бәрін түркілер күшпен емес, өзінің озық идеологиясымен, мәдениетімен бағындырған. Егер, мүмкін десеңіз, ата-бабалардан аманат боп қалған осы мәдениетті қазақылық сипатпен әрі қарай дамыт, болашағың, тағдырың өз қолыңда. Елбасы жол көрсетті, енді сол жолмен жүру қалың қазақтың еншісінде.
Дереккөз: "Қазақ әдебиеті" газеті