Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 4-5 сәуірде Ресейде болады. Ресми сапар аясында ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі, деп хабарлады Кремльдің баспасөз қызметі.
Бұл - Мирзияевтің президент қызметіне кіріскелі Ресейге алғашқы ресми сапары. Мирзияев президент міндетіне өткен жылы қыркүйек айында Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов қайтыс болған соң кірісті. Былтыр желтоқсанда Мирзияев кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жетті.
Путин Мирзияевпен былтыр қыркүйекте Кәрімовтің қазасына байланысты Өзбекстанға барғанда кездесті. Путин сол кезде Самарқандағы Кәрімовтің зиратында болған еді.
Ресейлік ақпарат агенттіктерінің 3 сәуірде хабарлауынша, Шавкат Мирзияев Ресеймен әскери-техникалық әріптестік туралы келісімді мақұлдайтын заңға қол қойды.
Мирзияев президент ретіндегі алғашқы сапарын наурыз айының басында Түркіменстанға жасады. 22-23 наурызда Мирзияев Қазақстанда болды.