Министр Саясат Нұрбек латын әліпбиінің соңғы нұсқасы неге бекітілмей жатқанын түсіндірді

Қаракөз Амантай 26 қыр. 2025 18:08

Қазақстанда латын графикасына көшу жұмысы бірнеше жыл бойы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, қазірге дейін әліпбидің бірнеше нұсқасы әзірленген. Дегенмен тіл мамандары лингвистер, филолог-ғалымдар әлі ортақ мәмілеге келмеген.

“Бұл жұмыс біздің министрлік арқылы атқарылып келеді. Әліпбидің әр нұсқасын сараптау барысында ғылыми-фонетикалық, орфографиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық және цифрлық салдарлары да қарастырылуда. Себебі құжат айналымын, көше атауларын және басқа да жазбаларды жаңа әліпбиге көшіру үлкен шығынды талап етеді”, – деді министр.

Саясат Нұрбектің сөзінше, ең бастысы – асығыс шешім қабылдамай, барлық факторды ескере отырып, дұрыс нұсқаны бекіту.

“Сәл сабыр сақтауларыңызды сұраймын. Жұмыс жалғасып жатыр, жақын арада қосымша ақпарат берілетін болады. Ең маңыздысы – ғылыми топтың жұмысын толық аяқтауға мүмкіндік жасау”, – деп түйіндеді министр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар